Кипрдің экономикалық аймағында бұрғылау жұмыстарын жүргізген Түркияға Еуропалық одақ санкция енгізді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Кеше 28 ел мүшелік ететін ұйымның сыртқы істер министрлері бас қосып осындай шешімге келген. Анкара одаққа мүше болуға кандидат ретінде 145,8 млн еуро қаражат алуы тиіс еді. Бірақ, санкция салдарынан бұл көмектен қағылып отыр. Одан бөлек, ел аумағында жоғары дәрежелі кездесу ұйымдастыруға шектеу қойылды. Сондай-ақ Түркия-Еуроодақ әуе келісімі өз күшін жойса, өңірдегі Еуропалық инвестициялық банктің жұмысы уақытша тоқтатылды. ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини: «Жерорта теңізінде Түркия елі заңсыз бұрғылау жұмыстарын жүргізіп келеді. Одаққа мүше мемлекеттер бұл әрекеттің халықаралық құқыққа қайшы екендігін айтып бірнеше мәрте ескерту жасады. Құлақ аспаған соң, осындай шектеу қою құжатын бекітті. Алдағы уақытта Түркия тарапы бұрғылау жұмысын тоқтатпаса, шектеу шаралары күшейтілетін болады», – деп мәлімдеді.

ГФР Еуропа істері бойынша мемлекеттік министрі Михаэл Рот Анкараның «халықаралық құқықты таптап отырғанын» айтып, одақтың бірауыздан Кипрді қолдайтынын ашық жеткізді. Егер Түркия бұрғылау жұмыстарын тоқтатпаса, жағдай ушыға түспек. Дегенмен, ресми Анкара Еуроодақтың шектеуіне мойынсұнбайтынын жеткізді. Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу: «Біздің тараптың ұстанымы белгілі. Өңірден табылған табиғи байлық теңгдей бөлінеді. Немесе Түркия тарапы ұлты түрік кипрліктердің құқығын қорғау мақсатында бұрғылау жұмыстарын жалғастыра бермек. Ал Еуроодақтың кез келген қадамы жауапсыз қалмайтынын айта кетейік», – деп жауап қатты. Анкара тарабының айтуынша, өңірден табылған газ кен орнынан табиғи байлықты өндіруге Түркияның заңды құқығы бар. Сол себепті «Фатих» және «Явуз» құрылғылары өз жұмыстарын жалғастыра бермек.

Негізінен даудың басы ертеден басталған. Кипр екі мемлекетке бөлініп, бір бөлігі Еуроодақ мүшесі – Кипр Республикасы, ал екіншісі Солтүстік Кипрдің Түрік Республикасы деп аталады. Бұл елдің егемендігін ресми Анкараның өзі ғана мойындаған. Демек, шекараны айқындап алған Түркия ол жерден өз үлесін алмай қоймасы анық. Жақында С-400 қондырғыларын орнатқанда ешбір серіктесіне құлақ аспаған Түркия Еуропалық одақтың шектеуінен сескеніп отырмаған да сыңайлы.

"The Qazaq Times"