16 шілде Украинада мемлекеттік тіл туралы заң күшіне енді, – деп хабарлайды Украинформ.  

Осыдан екі ай бұрын құжат мәтіні ресми баспасөзде жарияланған болатын. Жоғары Рада қабылдаған заң бойынша, украин тілі мемлекеттік және ресми тіл болып бекітілді. Заңда лауазымды тұлғалардың украин тілін білмегені үшін жаза да қарастырылған. Рада төрағасы Андрей Парубий бұл туралы пікірінде: «Украин тілі – елдің ұлттық қауіпсіздігі. 2014 жылы Ресей танктері қай жерде орыс тілі болса сол жерге барды. Украин тілі мемлекеттік негізін құрайды. Бұл туралы заңның болуы украиндықтардың өзін өзі құрметтегенін көрсетеді», – деп мәлімдеді.

Жаңа заң мемлекеттік тілді сөзсіз білуді міндеттейді және басқа тілдердің қолданылуын шектейді. Заң тармақтарында орыс тілі туралы бірде-бір рет айтылмаған. Есесіне, ағылшын тілі туралы 18 жерде айтылған. Енді украин халқының ана тілі орталық және жергілікті биліктің, сондай-ақ барлық қоғамдық тармақтарында  артықшылыққа ие болады. Украина азаматтығын алу үшін міндетті түрде мемлекеттік тілді білетінін дәлелдеуі керек. Ал Украинада тұратын өзге аз санды ұлттардың мектепке дейінгі және мектепте өз ана тілінде білім алуға құқығы бар деп көрсетілген. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл туралы аталған заң қабылданғаннан кейін 2 жыл толғанда мемлекеттік телеарналар мен радиолар мемлекеттік тілдегі эфир уақыты 90% дейін көтеруге міндетті. Жергілікті арналар болса 80% мемлекеттік тілде эфир жүргізуге міндеттелген. Басқа тілдерде жарық көретін басылымдар украин тіліндегі нұсқасын шығаруға міндеттелді. Қабылданған заң Украин территориясындағы компьютерлік программалардың интерфейсі украин және ағылшын тілінде болуды талап етеді. Орыс тілін қолдануды шектейді.

Еске сала кетейік, биыл 15 мамырда Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенко мемлекеттік тіл туралы заңға қол қойған болатын. Қазіргі президент Владимир Зеленский бұл құжаттың адам құқығы принциптеріне қаншалықты сай екенін байқап көретінін айтқан.

"The Qazaq Times"