Осака қаласында өткен «Үлкен жиырмалық» саммитінен кейін, АҚШ президенті Дональд Трамп Оңтүстік Кореяда сапарда болды. Бұл сапарында ол Солтүстік Корея шекарасынан өтіп, КХДР басшысы Ким Жоң Унмен кездесті. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореядағы АҚШ әскери күштерімен де кездесу өткізді.

Президент Трамп Оңтүстік Кореядағы америкалық әскери күштермен кездесу кезінде АҚШ-тың ядролық арсеналы туралы көбірек тоқталған. «Біз қазіргі кезде елдің ядролық арсеналын жаңартуға, дамытуға барынша күш салып жатырмыз. Біз оларды ешқашан пайдаланғымыз келмейді, бірақ ең озық ядролық қаруға ие боламыз», – деген Трамп. Ол және АҚШ армиясы қуатты күшке ие болып ядролық қаруды қолданбауға кепіл болуы керек деген ойын да айтқан.

Трамптың сайлау алды уәделерінің бірі – елдің ядролық қуатын дамыту болатын. Айтқанындай, президент бола салысымен қол қойған алғашқы бұйрықтарының бірі ядролық арсеналды дамыту туралы шешім болды. Сарапшылардың болжауынша, АҚШ-тың ядролық арсеналын  жаңарту Трамп үкіметі кезінде толық аяқталмауы мүмкні. Алайда, бұл бастама арқылы елдің ядролық қуаты арта түспек.

АҚШ-тың ядролық арсеналы

Мәліметтерге жүгінетін болсақ, Америка Құрама Штаттарында 3800-ден астам ядролық оқ тұмсық бар. Олардың арасында 1750 данасы баллистикалық және орта-қысқа қашықтықтағы тасымалдаушы зымырандарға орнатылған. Ал, қалғаны ядролық резерв ретінде сақталуда. АҚШ Түркия, Бельгия, Италия, Германия және Голландия қатарлы елдердегі әскери базаларында B-61 атом бомбасының 150 данасын орналастырылған.

2019 жылы АҚШ ядролық арсеналын дамытуға 24 млрд доллар қаржы бөлінген. Бұлар биылғы жылдан бастап өткізілетін ядролық сынақтарға жұмсалмақ.

“The Qazaq Times”