Бүгін сағат 11-ге таяу Шымкент қаласы «Ақмешіт» орталық мешіті маңына жиналған арыстық азаматтар қалалық негізгі күре жолдардың бірі – Темірлан тас жолын жауып тастады. Наразылар облыс әкімі Ө.Шөкеевтің келіп, жұрттың сұрақтарына жауап беруді талап еткен. Сағат түскі 12-ге тарта қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов келіп наразы арыстықтарға барлығы бақылауда екенін, жағдайдың реттелетінін айтты және жұртты көшені босатып, «Ақмешітке» кіріп сөйлесуге шақырды. Жиналған жұрттың бір бөлігі әкімге ілесіп мешіт ішіне кірсе, екінші жартысы жол үстінде тапжылмай тұрды.

Мешіт ішінде микрофонмен бірнеше сұрақ-жауап барысында наразылардың кейбірі «Біз онда (Арыс қ.) қайта оралғымыз келмейді, Шымкент я Түркістан маңынан жер берсін», «Қашан тағы төбемізде от ойнайды екен деп күтеміз бе?», «Соншалық көп қаруды 4-5 күнде қалайша көшіріп, апта соңында үйлеріңізге қайтасыздар дейсіздер?» деген уәждерін айтып жатты.  Қала әкімі Әбдірахымов сөзінде: «Шымкент қаласында 150 мыңға жуық әртүрлі әлеуметтік топтағы тұрғындар бар. Олар да адам, олар да он жылдан бері күтіп отыр», – деген жауабын айтты. Қала әкімі Арыс агломерациясы жайында  Ташкент қаласының 60-жылдардағы жер сілкінісінен қирап қалғанын мысал етіп сөйлей бастап еді, наразы көпшілік шу-шұрқанға басып, дін өкілдері мешітте құран оқып, жұртты сабырға шақыруға мәжбүр болды.

Сағат 12:40-тан асқанда оқиға орнына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев келді. Бұл жолы да елдің бір бөлігі облыс әкіміне ілесіп «Ақмешіт» мешітің кіші залына жиналды. 20 минутқа дейін микрофон болмағандықтан, айқай-шу арасында әкім мен жұртшылық дұрыс пікір алмаса алмады. Бұдан соң Ө.Шөкеев «Арыста радиациялық қауіп жоқ», «Қала қайта қалпына келтіріледі» деді. Сондай-ақ Арыста тұрғысы келмейтін тұрғындар алдағы уақытта үйлерін сатып кетсе болатынын айтты. Көпшілік бұл жолы да ортақ келісімге келе алмады.

Қазір жүздеген арыстықтар Темірлан тас жолы бойымен Шымкент қаласы Әкімдігіне қарай шерулетіп бара жатыр. Жиынның белгілі бір лидерлері байқалмайды, халық өздігінен ұйымдасып жатыр. Түстен кейін сағат 14:30 шамасында  ауа температурасы 35 градусты көрсетіп тұр.

Айта кетейік, бүгінгі наразы арыстық азаматтардың қарсылық акциясында осы оқиғаға байланысты өздеріне «Шымкент қаласы немесе Түркістан маңынан жер-үй берілсе» деген пікір өте жиі айтылуда. Наразы жұрттың айналасында қауіпсіздік қызметкерлері де жүр. Жұртшылық "Арыс көшірілсін!" деп бірнеше рет ұран салғанын да естідік. Шеру жасаған топ күннің ыстығына қарамастан "Ақмешіт"-тен 6 шақырым қашықтықтағы "Бейбітшілік" және Ғ. Иляев көшелерінің қиылысындағы "Нұр Ортан" партиясының ғимараты алдына барған.

Қала тұрғындары жол бойында наразы жұртқа салқын суларын таратып жатқанын көрдік. Сондай-ақ, шерудегі жұрт бір-бірін арандатуға жол бермеуге, ешбір дүние-мүлікті қиратпауға шақырып жатқанын да айта кету керек.

Дәл қазіргі жеткен ақпаратқа қарағанда, Шеруге шыққан арыстықтар қала орталығындағы Б.Момышұлы даңғылы мен "Республика" көшесінің қиылысында аялдауда.

“The Qazaq Times”