Арыста төтенше жағдай салдарымен күрес жалғасып жатыр.

Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Серік Борамбаевтың мәліметінше, қазіргі уақытта қала аумағына қарулы күштердің 1 мың 800-ге жуық әскери маманы тартылды. Бұған қоса, 50-ден аса арнайы техника жұмылдырылған. Ал әуеде 7 ұшу аппараты бақылау жүргізіп жүр. Оның екеуі қашықтықтан басқарылатын барлау құралдары.

Осыған дейін премьер-министр Асқар Мәмин: «Мемлекет басшысы Арыстағы оқиға орнына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмалар берді. Тиісті шаралар ұйымдастырылып, Арыс халқы қауіпсіз аймақтарға көшірілді. Өкінішке орай бір тұрғын мен бір әскери қызметкер көз жұмды. Туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамын. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілуде», – деп хабарлаған болатын.

Еске сала кетейік, 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери қомалардың бірінде жарылыс болған. Бастапқыда Қорғаныс министрлігі жарылыс салдарынан ешқандай адамның зардап шекпегендігін айтып, мәлімдеме таратқан. Кейінен әлеуметтік желілерде жарақат алған адамдардың бейнероликтері тарады.

"The Qazaq Times"