Америка Құрама Штаттарының президенті Иранға қарсы жаңа санкция салу туралы бұйрыққа қол қойды. Жаңа санкция талаптарына Иранның рухани көсемі аятолла Хомейни және оның жақындарының банк есеп шоттарын бұғаттау да кіреді.

АҚШ президенті кезекті санкцияны Иранның АҚШ-қа тиесілі ұшқышсыз ұшу құрылғысын атып түсіргеніне қарсы жасалғанын айтқан. Алайда, Ақ үйдің өзге де лауазымды тұлғалары бұл санкция талаптары бұған дейін дайындалғанын білдірген.

Ақ үйдің кезекті шешімінен кейін мәлімдеме жасаған Иран СІМ басшысы Жавад Зариф: «Құрама Штат дипломатияны ұнатпайды. Қашанда соғысты аңсап тұрады», – деген пікірін білдірді.

Соңғы бірнеше айда АҚШ-Иран қайшылығының асқынып, соғыс қаупіне жақындағаны баршаға белгілі. Тараптардың жоғары лауазымдылары соғысты қаламайтынын кезек-кезек мәлімдегенімен, бірақ жағдай барған сайын кері кетті. Соңғы екі ай ішінде АҚШ-тың Орта, Таяу-Шығыстағы әскери күштері дайындық үстінде тұрды. Себебі, мамыр мен маусым айларында Парсы шығанағында және соған жақын аумақта бірнеше мұнай танкеріне шабуыл жасалды. АҚШ тарабы бұл үшін Иранды айыптады.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» – АҚШ-Иран асқынған даудың басы президент Трамптың 2015 жылы Иран мен алты ел қол қойған ядролық келісімнен бір тарапты шығып кетуінен басталды. Әрине, АҚШ президентінің бұл арада өзіндік «сылтаулары» да болды. Алайда, түбін қусақ қазіргі теке-тірекстің тірелетін тиегі сол қадамда жатыр.

Енді міне Иранның Атом энергиясы ұйымының жетекшісі 27 маусымнан бастап Иранның байытылған уран 300 кило-грамға дейін жететінін мәлімдеді. Бұл 2015 жылы қол қойған келісімнің ең жоғары шегі.

“The Qazaq Times”