АҚШ президенті Дональд Трамптың жанынан тағы бір ресейшіл шенеунік табылды.  Осыдан бұрын Майкл Флинн ресейлік елшімен жеке кездесіп, АҚШ-тың мемлекеттік құпияларын талқылады деп айыпталып, жұмыстан босатылған еді.  1 наурыз күні «Washington Post» басылымы Трамп командасындағы тағы «ресеймен астасқан» лауазымдының атын атады.

Аталған басылымда, өткен жылы президент сайлауы кезінде, осы кездегі АҚШ әділет министрі Жеф Сашонстің (Jeff Sessions) Ресейдің АҚШ-тағы бас елшісімен екі мәрте жекелей кездескені туралы мақала жарияланды. Бұл Трамп командасын «сатқын» етіп көрсеткен екінші адам болды. Осыдан бұрын Ақ үй қауіпсіздік жөніндегі бас кеңесші Майкл Флинн «ресейшіл сатқын» болып айыпталған болатын. Арт-артынан туылған бұл істер Трамп командасының Уашингтондағы сеніміне сызат салатыны анық. Онсыз да қарсылықтарға көптеп ұрынып, тарихтағы ең даулы президент аталған Трампқа бас ауыртар проблема табылып-ақ тұр.

1 наурыз күні, «Washington Post»-тан басқа да АҚШ-тағы беделді басылымдардың бір қатары, Сашонстің өткен жылы шілде айында Уашингтонда өткен бір реткі талқы кеңесте көптеген елдердің бас елшілерімен кездескенін, соның арасында Ресейдің АҚШ-тағы жоғары елшісі Сергей Кислякпен де бейресми әңгімеде болғанын хабарлады. Ал, өткен жылдың қыркүйек айында кеңсесінде Кислякпен телефон арқылы сөйлескені де мәлім болды. Ал осы жылдың басында кеңес палатасы мәжілісі кезінде,  ол бұл екі реткі кездесуді туралы ешбір лебіз білдірмеген болатын.

Конгрес тарабынан Демократтар партиясының жетекшісі Нэнси Пелоси әділет министрінің жұмыстан босатылуын талап етті. АҚШ президенті болса сайлау кезінде де АҚШ-Ресей қарым қатынасын жақсартатын сыңай танытты және президенттікке тағайындалғаннан кейін де бұл ойын іске асырғысы келген бірнеше қадамдарға барды. Дегенмен Ақ үйде қалыптасқан "дәстүр" бойынша бұл қадамдары қарсылықтарға ұшырап еді. Себебі, Уашингтонда тарихтан бері қалыптасқан Кремльге деген сенімсіздік мінезі бар. АҚШ-Ресей қатынасының жақсаруын қаламайтын мүдделі тараптар, Трамп үкіметінің саясатына қолдау танытпайды. Ақ үйдегі қарсылық пен айыптаулар алдында АҚШ президенті Дональд Трамп ыңғайсыз жағдайда қалды.

“The Qazaq Times”