Асылхан Мамашұлы “Ұлттық энциклопедия” деген не? Энциклопедия құрастыруың шарты бар ма?

– Энциклопедияға бір сөзбен анықтама беру қиын. Жалпалыма айтқанда, адамзаттың ғасырлар бойы жинаған барша білім-ғылымның жиынтығы деуге болады. Энциклопедияның өзі негізінен екіге бөлінеді, бірі әмбебап, екіншісі салалық энциклопедия. Мәселен, ғылының немесе өнердің бір ғана саласына арналған энциклопедиялар бар. Тіпті моральдік құндылықтар энциклопедиясы да болған. Әмбебап энциклопедия осы салалық энциклопедиядағы ірі ұғымдар мен түсініктерден, терминдер мен оқиғалардан құралады. Қазіргі біздің түсінігіміздегі әмбебап энциклопедиялардың бірегейі ХVIII ғасырдан шыға бастаған «Британика» ғой. Британиканы құрастырушылардың өздері ғылым мен өнерде танымал адамдар болған, Британиканың өте құнды еңбек ретінде әлі күнге жоғары бағаланатыны содан деседі. Салыстырмалы түрде айтсақ, қазір энциклопедияны танымал ғалымдар құрастырмайды, бұрын ғылымның немесе өнердің бір саласымен тікелей шұғылданбаған, тек жанама қатысы бар редакторлар да құрастыра береді. Екеуінде айырма бола ма, жоқ па, оны өзіңіз ойлаңыз. Энциклопедия құрастырудың бірінші шарты – қажеттілік. Сіздің еліңізде, сіздің тіліңізде энциклопедияға зәрулік, мұқтаждық бар ма? Мәселен, қазақ тілінде энциклопедия керек пе еді? Қазақстанның алғашқы энциклопедиясы он екі томдық «Қазақ совет энциклопедиясының» құрастырылғанына енді ғана қырық жыл болды. Қазақ ғылыми білімі жетіліп, жинақталған кезде құрастырылды. Яғни, екінші шарты – ғылыми әлеует екен.

Энциклопедия бір-ақ рет жазыла ма әлде жаңартуды қажет ете ме?

– Энциклопедия құран емес қой. Адамзаттың ғылыми білімі мен өнері жетіліп, қоғам өскен сайын энциклопедия да өзгеріп, дами береді. XVII ғасырда жоқ терминдер мен ұғымдар қазір бар. Тіпті, сол кезде бар терминдердің де жаңалығы болуы мүмкін.

Қазақстан ұлттық энциклопедиясының өткені мен бүгіні туралы айтарыңыз?

– «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы тақыр жерден жасалған жоқ. Оның алдында әлгінде аталған он екі томдық «Қазақ совет энцилопедиясы», «Қазақ ССР-інің қысқаша бес томдық энциклопедиясы» тұрды. Бірақ, «Қазақстан» энциклопедиясы он томнан аспады. Он екі томның ішіндегі советизмді қысқартып тастағанда бірнеше том өзінен-өзі азайып қалды. Оған Қазақстанның жаңа көзқараспен қайта жазылған тарихы мен мәдениеті, өнері мен ғылымы қосылды. Әр жерде бөлек жарияланып, ғылымның әр саласында жатқан дүниені бір кітапқа жинақтау үшін де білім керек. Бұл тұрғыда «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясын құрастырушылардың бірі ретінде он екі томдық «Қазақ совет энциклопедиясын» құрастырушылардың еңбегіне талай рет тәнті болғам. 1968 жылдары академик Мұхамеджан Қаратаевтың жетекшілігімен жұмыс істеген редакция құрамы кейінгімен салыстыруға келмейтіндей үлкен болды. Энциклопедия редакциясының ішіндегі салалық редакциялардың әрқайсысында ондаған танымал ғалымдар жұмыс істеді. Соған сәйкес, энциклопедия статусының өзі өте жоғары болды. Мемлекет тарапынан мейлінше қамқорлық жасалды. Кейбір танымал ғалымдар бәрін қойып, энциклопедиялық мақалаларының қаламақысымен-ақ тұрмысын түзеп алғанын естігенбіз. Салыстырмалы түрде айтсақ, 1998 жылдан басталған он томдық «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының әрбір салалық редакциясында бір адам ғана жұмыс істеді. Энциклопедия ғылым жасамайды, жасалған ғылымды жинақтайды десек те, бір редактор бірнеше ғылым саласынан материал өңдеп жазуы «Британика» тұрғысынан алғанда күлкілі көрінуі мүмкін. Дегенмен, авторлар тәуелсіздіктің бас кезіндегі эйфориямен энциклопедиялық мақала жазды, қаламақыға кітап қана алды. Энциклопедия аяқталмай тұрып та ақпарат құралдарында талай рет орынды, орынсыз сын жазылды. Бұл ретте «ғылымы қандай болса, энциклопедиясы сондай болады» деп жауап берер едім. Қолда бар күшті ұйымдастырып, он томдықтың негізін құрастырушы ретінде алғашқы бес томның кезінде бас редактордың орынбасары болған марқұм Тілеухан Жұмахановты айтар едім. Былайғы жұрт он томды он кітап деп түсінуі мүмкін. Шындығында, он томыңыз он жылда шыққан бір кітап. Ішкі сілтемелер арқылы бір-бірімен тығыз байланысып жатқан мақалалардың негізгі жүйесін жасаушылардың басында сол кісі тұрды. Одан кейін әрбір салалық редакция меңгерушілері де кейіннен өздері де ғылыми атағы жоқ ғылыми қызметкерге айналды. Он томдық энциклопедия жасалып жатқан тұста салалық энциклопедия мен облыстық энциклопедиялар және бірнеше тұлғалық энцилопедиялар құрастырылды. Бірақ, Абайдың 150 жылдығында шыққан «Абай» энциклопедиясынан өзге көпшілігін он томдықтан балалаған энциклопедиялар болды-ау деп ойлаймын.

Энциклопедияның онлайн түрінің қолданысқа толық енуіне не кедергі? wikipedia энциклопедияның орнын басып кеткен жоқ па? Толық қанды энциклопедияны жасап шығу үшін не істеуге болады.

– «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының онлайн түрі қазірдің өзінде шықты деуге болады. Өкінішке қарай, қазақша уикипедияда жүрген деректердің көпшілігі он томдық энциклопедиядан алынғанын байқаймын. Кейде гуглдан бірдеңе іздесем, баяғыда өзім жазған немесе өзім редакциялаған ұлттық энциклопедияның мақаласы шыға келеді. Менің білуімше уикипедия жасаушылар мен ұлттық энциклопедияның меншік иесі «Қазақ энциклопедиясы» екі бөлек заңды тұлға. Компьютерде сақтаулы тұрған он томдық қыруар еңбектің аяқ астынан уикипидея болып шыға келгеніне таңғалғанмын. Бәлкім, екі мекеме өзара келіскен шығар, әлде су тегін сыйлай салды ма екен, ол жағын білмеймін. Бірақ «Қазақ энциклопедиясының» басшылығы, жаңылмасам Бауыржан Жақыптың тұсында энциклопедияны онлайнға айналдырудың орнына әлдекімдерге бере салғаны қызық. Ол біріншіден, қыруар ақша, екіншіден моральдық құқық деген де бар ғой. Иен байлықты иелене кеткен уикипиедяшылар енді әрі қарай ұқсатып алып кетсе жақсы. Оның да шарттарын байқап көргем, әр мақаланы әрі қарай әркім дамытып, күзеп-түзеп отыруға болады екен. Егер оны сәтімен жасаса, болашақта бәлкім том-том кітаптың орнын уикипедия басар. Дүниенің бәрі онлайнға көшіп жатқанда бұрынғыдай кірпіш кітаптар керек пе, жоқ па деп мен де ойланып қоямын. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының үшінші томынан сегізінші томына дейін қатыстым, бірнеше томының тұсында жауапты хатшы болдым, ал кейінгі «Қазақ энциклопедиясының» жұмыстарынан аса хабарым жоқ.

Әңгімеңізге рахмет!

«The Qazaq Times»