Бүгін Жапония премьер-министрі Шинзо Абе Теһранға (Тегеран) жетіп, Ирандағы ресми сапарын бастайды. Жапония бас уәзірінің Иран сапары 3 күнге жалғасады деп күтілуде. 

Шинзо Або кезекті сапарында ИИР рухани көсемі аятолла Али Хаменеи және президент Хасан Руханимен кездеседі. Жапония үкіметінің кешегі мәлімдемесінде, премьер-министр Шинзо Абе Иранның жоғары лауазымдыларымен кездесуде АҚШ пен Иран арасындағы мәселелерді талқыға салатынын айтқан.

Жапонияның бас уәзірі Иран жоғары лауазымдыларымен АҚШ-тың ядролық келісімнен бір жақты шығып кетуін, АҚШ-Иран қайшылығын азайту және АҚШ-тың экономикалық санкцияларының күшін жою мәселелерін кеңеседі. Естеріңізде болса, АҚШ президенті Дональд Трамп Жапониядағы мемлекеттік сапары кезінде премьер-министрі Абені АҚШ пен Иран арасындағы қайшылықты азайтуға қолдау көрсетуін өтінген болатын.

Қазір, Иран мен АҚШ арасындағы қайшылықтарды азайтып, соғыстың алдын алу, екі елдің қарым-қатынасын жақсартуға үшінші тараптардың рөлі басымырақ. Себебі, Иран мен АҚШ ұқсамаған құндылықтарды ұстанған, саяси теке-тіресте тұрған елдер. Ал, Жапонияның АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынасын реттеудегі мүмкіндігі Еуропа елдерінен жоғары. Жапония АҚШ-пен жақын одақтас болғанымен, Иранмен терең байланыс орнатқан ел. Оның үстіне Иран мұнай экспортында да Жапонияның алатын орыны жоғары. Сауда-экономикалық, мәдени барыс-келістері де біршама жоғары деңгейде.

Сондықтан да, Жапон премьер-министрінің Иран сапары АҚШ-Иран дағдарысына бетбұрыс әкелуі  мүмкін деп күтілуде.

“The Qazaq Times”