Наурыз айы туа салысымен әлем елдерінің әскери әрекеттері, қарулы қимылдары жиілеуде. Ақпан айының соңына қарай Ресей мен НАТО арасындағы жауаптасулар әлемді дүрліктірген еді. Шешімі табылса да бітімі жоқ Сүрия (Сирия) мәселесі әлі де қарулы күштердің шуына толы. Каспийдің арғы бетінде Әзірбайжан мен Армения арасындағы жанжалда басылмай тұр. Бұларға енді дүниенің шығысынан Корей түбегі жанжалы келіп қосылды.

Сайтымызда Оңтүстік-Солтүстік Кореялар арасындағы қайшылықтар хабарланып келеді. Өткен айдың соңғы күндері ресми Сеул тарабы «Сад» (Thaad) жүйесін орнататын орынды тұрақтандырғанын хабарлап еді, көктем маусымының алғашқы күнін АҚШ-Корея бірлескен армиясының әскери оқу-жаттығуымен бастады. Қазір түбек жағдайы соғыс туылудың аз-ақ алдында тұр деуге болады. Бүгін шетел БАҚ-тарынан Ресей мен Қытай, Солтүстік Корея «Сад» жүйесіне ортақ қарсы тұруды кеңесіп жатқаны мәлім болды. Сондай-ақ, Ресей мен Қытай ықпалында Шанхай ынтымақтастық-қауіпсіздік ұйымы ішінде де бір қатар әрекеттер білінді. Ресей президентінің Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстандағы бейресми сапары, Шанхай ынтымақтастық-қауіпсіздік ұйымына мүше елдердің әскери істер өкілдерінің  Астанадағы кешегі отырысы. Шығыс пен батыстағы қауырт жүріп жатқан әскери әрекеттер тосын үрей танытарлықтай.

Орта Шығыс және Таяу-Шығыс дүрбелеңге бойы үйренді деген күннің өзінде, Иран мұсылман елдерін Палестина азаттығы үшін күреске шақыруы, аталған өңірдің алдағы жылдардағы басты тақырыбын алдын ала сездіріп тұрса керек. Израильдің Палестинаны жаулап, ислам елдеріне жасаған бүлігін, Иран еш уақытта кешіре алмайтынын ашық айтып отыр. Сүрия, Литва, Ирак, Мысыр, Либия қатарлы заманында ислам елдері арасында дамудан көш бастаған елдердің бүгінгі тас-талқан күйі артқы шеф ислам елдерін ойландырса керек.

Иран ақпараттық агенттігі, бүгін, АҚШ «Дельта» арнаулы күштерінің ДАИШ лаңкестік тобының жетекшісі Әбубәкір әл-Бағдадиды Мосулдың батысынан шығаруға күш салып жатқанын хабарлай келіп, Иран Ислам Республикасының Сүрия тыныштығын қалпына келтіру үшін жасаған еңбегін өз аттарына жазып алуда деп сынға алды. Не десе де қазір қолдан жасалған ДАИШ сол жасаушылардың қолымен талқандалып жатыр. ДАИШ шабуылдары толастай бере тың бір тақырыптың туары анық. Себебі, Израил өзінің Палестинадағы қала құрылыстарын әлі аяқтатып болған жоқ.

Ал, бізге Кәспи арқылы тұтасатын көрші Әзербайжан қарулы күштері, кеше түстен кейін,  майдан желісінде Армения армиясы штаб пәтер ретінде қолданған кейбір бекіністерді талқандаған. Бұл туралы Анадолы ақпарат агенттігі хабарлап отыр. Әзербайжан тарабының айтысына қарағанда бұл Арменияның келісімді бұзғаны үшін қайтарған жауаптары болып табылады. Алайда шабуыл салдарынан өлген, жараланған адамдардың саны туралы ақпаратты таратпады.

Шығыста әскери державалар Корей түбегінде тірескелі тұрса, Батыста экономикалық, идеологиялық теке-тірестер үшін қарапайым халық зардап шегуде. Әлемді әбігерге салған қақтығыс орталарының бәрі де қолдан жасалып, қолдан өрбітілген қайшылықтар екенін байқау қиын емес. Әлемнің бейбітшілігін жақтаған біз үшін, бұлардың еш қатысы жоқтай көрінгенімен, әлдінің тақымында кетіп жатқан әлсіз елдердің мүдделері сабақ болмай ма?! Қазақстан қорғануға қаблетті қарулы қосынының қуатын әлі де болса арттыруы керек екенін әлемнің дүрбелеңі дабыл қағып ескертуде.

“The Qazaq Times”