1 наурызда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов активке өзінің жаңа орынбасары Асқар Сақыпкереевті таныстырды. Бұл туралы облыстың баспасөз қызметі хабарлады. 

 «Президент Әкімшілігінің келісімімен Асқар Жоламанұлы Сақыпкереевті өзімнің орынбасарым етіп тағайындаймын», - деп таныстырды өңір басшысы.

Облыс әкімі жаңа орынбасарына жұмыс істейтін міндеттер шеңберін белгілеп берді.

 «Ол экономика, жұмыспен қамтуды үйлестіру мен мемлекеттік бағдарламалар, еңбек инспекциясы, дене шынықтыру мен спорт саласына жетекшілік ететін болады», - деді Ерік Сұлтанов.

Асқар Сақыпкереев осы тағайындауға  дейін 2004 жылдан бастап  Солтүстiк Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Асқар Сақыпкереев Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, Алматы политология және басқару институтын, Қазақстан-Ресей университетiн  «агроном-ғалым», «саясаттанушы», «құқықтану бакалавры» мамандықтары бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1981 жылы Булаев ауданының Қарақоға кеншарының тұқым өсіруші агрономы болып бастады.

Түрлі жылдары Булаев аудандық комсомол  комитетінің екінші, бірінші және Солтүстік Қазақстан облысы комитетінің хатшысы, сондай-ақ, «Интер» шағын кәсіпорны директорының орынбасары, ғылыми өндірістік еңбек биржасының орынбасары қызметінде жұмыс істеді.

1994 - 2004 жылдары аралығында  түрлi коммерциялық құрылымдарда басшы лауазымын атқарды.

Солтүстiк Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы қызметін уақытша атқару аталмыш басқарма басшысының орынбасары Сергей Яковенкоға жүктелді.

“The Qazaq Times”