Азия Азаттық радиосының ресми сайты RFA.org, америкалық Associated Press-ке сілтеме жасай отырып, Қытайдағы аз ұлттар қоныстанған өңірде зорлық-зомбылықтың етек алып отырғанын хабарлайды. Терроризмге қарсы тұру мен Шынжаң орнықтылығын сақтау деген желеумен он мыңнан аса қарулы полиция және жүздеген әскери көліктер мен тікұшақ Шынжаң орталық қаласындағы тұрғындарға қыр көрсетуде. Ал, Қытайдың ресми сайттарының бірінде: «Шынжаң Автономиялы Регионында Арнаулы жасақ пен Қараулы полиция қосыны, лаңкестермен аяусыз күрес жүргізуде», - деп хабарланған.

Соңғы жылдардан бері Қытайдың Шынжаңында туылған бір қатар бүліктер мен лаңкестік шабуылдан кейін Шынжаң тыныштығы қытай үкіметінің басты проблемаларының біріне айналды. Әсіресе, 2009 жылы Үрімжі қаласында туылған 5 шілде оқиғасы. Қытай үкіметі көрсеткен санақта 200-ден аса адам қаза болған. Бұл оқиға Үрімжі мен тұтас Шынжаңның қоғамдық жағдайын мүлде басқа бағытқа өзгертті. Жергілікті үкіметтің көрсеткен мәліметі бойынша қаза болғандардың көбі хан ұлтының азаматтары делінген. Алайда Халықаралық Ұйғыр бірлестігі мен Адамдық құқықты қорғау ұйымдары, Қытай үкіметінің кейінгі жасаған қарулы қуғынын сынға алып келеді. Ұйғыр бірлестігі бұл қуғыннан өлген, із-түссіз жоғалған мыңдаған ұйғыр азаматына жауап сұрауда.

2013-2014 жылдары Қытай ресми ақпарат орталығы Шынжаң бүлігін Халықаралық Жиһад террористік ұйымдарының діни экстремистерімен қатысы бар деп хабарлаған. Алайда, Шынжаңда тұрақтаған бұндай сипаттағы топтардың сірә кімдерден құралғанын, қай өңірлерде тұрақтағанын, халықаралық қандай ұйымдармен байланысы бары туралы ешқандай дерек көрсетілмеген.

Қытай билігінің Шынжаң мен Қытайдың басқа провинцияларына қаратқан көзқарасы мүлде ұқсамайтыны айдан анық. Ішкі Қытайда Шынжаң азаматтарының жекелік куәлігімен қонақ үй, интернет клуб сынды орындарға кіру аса қиын. Ондай да міндетті түрде сол жердің полиция бөлімшесіне хабарланады. Полициялар күдіктілерге ұқсайтын, ұқсамайтынын тексеруден өткізгеннен кейін ғана бұл орынға кіруіне рұқсат етіледі. Яғни, ішкі қытайдағы шынжаңдықтарға деген көзқарастың қалыптасуына үкімет жолға қойған түзімдер де мұрындық болуда.

Қытай астанасында туылған лаңкестік шабуылды Қытай үкіметі Шынжаңдағы ұйғыр бүлікшілері тудырды деп көрсетті.  Ұйғыр бірлестігі мен өзге елдің сарапшылары, бұл Шынжаңды күшпен тыныштандырудың жүзеге асыру үшін Қытай билігі қолдан жасады деген болжамдар айтады.   Халықаралық ұйымдардың сараптамасы бойынша, Шынжаң әлемде екінші дәрежелі адамдық құқық шектелген регион болып саналады.

“The Qazaq Times”