Үндістан соңғы он жылда ғарышты бағындыруға неше миллиард қаржы сарып етті. Қазіргі таңда 2022 жылға дейін космосқа ғарышкер аттандыруды жоспарлап отыр. Халық саны көп әрі халқының күн көрісі төмен деңгейде тұрған Үндістан үшін шет-шегі жоқ ғарышқа қаржы шашуының себебі неде?

Егер Үндістан ғарышкерін ұшырып және оны аман-есен жеріне қондыра алатын болса, онда үнді жұрты ғарышты бағындырған әлемдегі төртінші ел болмақ (бұған дейін АҚШ, Ресей, Қытай бұл жобаны жүзеге асыра алған). Үндістанның ғарыш саласын дамытуға күш салуын кейбір сарапшылар саяси мақсаттар үшін деп қарайды. Алайда, Үндістан бұл салада жетістіктерге қол жеткізе алса экономикасына да аз кіріс кірмес еді.

Жаңа-Дели ғарыш саласын дамытуға 1 млрд АҚШ долларынан көбірек қаржы бөледі. Бұл елдің жылдық бюджетінің 0,4 пайызын иелейді. Әрине үнді билігі бұл қаржыны елдің әл-ауқатын жақсартуға жұмсар еді. Алайда, ғарыш саласы ірі бизнестің ішіндегі ең ірісі. Ол және болашақта ең негізгі саланың бірі болуы мүмкін деп болжанады. Ғарыштағы бизнестің негізгі бөлегі орбитаға жасанды жер серіктерін, өзге де зерттеу аппараттарын шығару болып табылады. Бұл миллиондар мен миллиардтарды есептесетін бизнес.

Қазір Үндістан ғарышқа зымыран аттандыратындар қатарында төртінші болып тұр. Ғарышқа аппараттарын, жасанды жер серіктерін жөнелткісі келетін елдер мен компаниялар үшін ең арзан қызмет өтеуші ел.

Елдегі халық тұрмысы мен ластанған қоршаған ортаны алға тарта отырып, кейбір сыншылар үнді билігінің бұл әрекеттің айыптап жатады. Алайда, Жаңа-Дели бұл ұлттық стратегия мен ел болашағы үшін жасалған қадам деседі. Қазір Үндістаннан өз зымыранын ұшырғысы келетін елдер мен компаниялар саны 250-ден асып кетті. Бұл елге миллиардтаған қаржы тартумен бірдей.

Ғарыш кеңістігін, Ай, Марс және басқа да ғаламшарларды зерттеу жобаның тек бір тармағы ғана болып қалды. Мейлі қалай болса да Үндістан өзінің технология саласындағы базасы мен жетерлік мамандарының, бағыттаушы билігінің арқасында болашақтағы ғарыштық державаға айналуы ғажап емес. Осындайда Байқоңыр мен еліміздегі балама ғарыш саласы еске түседі...

“The Qazaq Times”