«DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы» Қазақстан азаматтары арасында «Үкіметінің отставкаға кетуі» тақырыбында сауалнама жүргізген. Ақпан айының 26-ы мен 27-і күндері аралығында жүргізілген сауалнамаға Алматы, Астана, Шымкент қалалары және 14 облыс орталығының тұрғындары арасынан  18 жастан асқан 1868 азамат қатысқан.

«Demoscope» бюросы үкіметтің күтпеген жерден отставкаға кетуі жайлы қазақстандықтардың ойын білген, сонымен қатар халықтың есінде қалған ең үздік және ең нашар министрлердің кім болғанын да анықтаған.  Сауалнамаға қатысқан азаматтардың көбі үкіметтің ауысқанынан ауқымды өзгерістер күтпейтіндіктерін айтқан.

Сауалнама барысында қатысушылар ел есінде өзінің адал еңбегімен қалғандардың топ-үштігіне Иманғали Тасмағамбетов, Бақытжан Сағынтаев және Кәрім Мәсімов кіргізген. Ал министр қызметіне «лайықсыздар» антирейтингіне соңғы кездері есімдері ел ауызынан түспейтін Мадина Әбілқасымова, Ерлан Сағадиев және Қанат Бозымбаевты енгізген.

Респонденттердің 73%-ы үкімет мүшелерінің ешқайсының атын есіне түсіре алмаған. Небәрі 633 адам ғана бұл сұраққа нақты жауап берген.

Жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес, азаматтардың 66%-ы жаңадан жасақталған үкіметтен жағымды өзгерістер күтпейтіндіктерін айтқан. Министрлер кабинетінің саяси ықпалын «төмен» деп бағалаған.

Қызылорда, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстары тұрғындарының жаңа үкіметтен күтер үміттері үлкен (44%). Павлодар және Қарағанды облысынан қатысқан респонденттер (49,5%) жаңа команданың нәтижелі жұмыс жасайтынына күмәнмен қарайды.

Қатысушылардың жартысы президенттің үкіметті отставкаға жіберуін халықтың наразылығының артуымен, өмір сүру деңгейінің төмендеуімен байланыстырған. Респонденттердің 40 пайызы «Сағынтаевтың командасы өзіне жүктелген міндетті дұрыс атқара алмады» - деп жауап берсе, 10%-ы бұл өзгерісті еліміздің саяси элитасындағы ауыс-түйістермен байланыстырған.

Сауалнама барысында «Экс-үкімет отставкаға кетуге лайық болды ма?» деген де сауал қойылған. Бұл сұраққа жауап беруде респонденттердің үштен бірі мемлекет басшысының шешімін толықтай қолдайтындықтарын айтқан. Ал 24%-ы «арасындағы біліксіздерін ғана орындарынан алып тастауға болар еді» деген жауапты таңдаған. 14%-ы «біздің елде көп нәрсе үкіметке байланысты емес» - деп жауап берген.

«Жаңа премьер-министр тағайындалып, оның жаңа кабинеті жасақталғаннан кейін, елдегі жағдай өзгере ме?»  деген сұраққа. Респондеттердің 40%-ы, «билікке дәл сол адамдар немесе соларға ұқсас адамдар келеді, барлығы сол күйінше қалады» деп жауап берсе, үштен бірі «жаңа премьер мен жаңа үкімет қарапайым халықтың жағдайын жақсартатына» сенетіндіктерін айтқан. Ал 26%-ы «Қазақстанда үкіметтің өзгеруі ештеңеге де әсер етпейді, біздегі жүйе солай қалыптасқан» деп жауап берген.

Зерттеу барысында респонденттер мемлекет көмегіне кімдердің, яғни халықтың қай бөлігінің мұқтаж екенін де атаған.

Көпшілігі (41%) мемлекет бірінші кезекте көп балалы отбасыларды қамқорлығына алуы тиіс деген. Ал 26%-ы мемлекеттік көмектің басым көпшілігі жастарға бағытталуы керек деп есептейді.

"The Qazaq Times"