Германия астанасында халықаралық «Берлинале» кинофестивалі ресми түрде ашық деп жарияланды. Бұл туралы Нandelsblatt хабарлады.

Жыл сайын үздіктерді анықтайтын шараға әлемнің түкпір-түкпірінен төрт мыңға жуық журналист келген. Фестиваль барысында қала кинотеатрларында 400-ге жуық фильм көрсетіледі. Олардың он жетісі бас жүлде үшін бақ сынайды.Сарапшылардың пікірінше, режиссёр Чжан Имоудың «Бір секунд», Фатих Акинның «Алтын қолғап» фильмдері жеңімпаз болуға лайықты.

2016 жылы «Алтын аю» бас жүлдесін италиялық режиссер Джанфранко Розидің «Теңіздегі от» деректі фильмі иеленген. Аталған фильм әлі күнге дейін талқыланып келеді. Себебі, режиссер түсірілім алаңы ретінде ондаған мың босқын тұрақтанған италиялық Лампедуза аралын таңдап, Оңтүстік Африка мен Таяу Шығыстан Еуропаға теңіз арқылы ағылған босқындардың өмірін түсірді. Кинокартинаның ұтқан тұсы да – осы. Ал «Күміс аю» жүлдесін «Сараеводағы қаза» туындысымен босниялық режиссер Данис Танович қанжығасына байлады. Үздік режиссура үшін француздық Миа Хансен-Леве «Келешек» фильмі марапатталды. «Хеди» фильмінде басты рөлді сомдағаны үшін тунистік Мажд Мастура «Үздік актер» деп танылды.
Айта кетейік, Берлинале –  күллі әлемнің жас режиссерлері, актерлері мен сценаристері қатысатын халықаралық фестиваль. Биыл қазылар алқасына Франция актрисасы, «Оскар» жүлдесінің иегері Жюльет Бинош төрағалық етеді. Ал байқау жеңімпаздары 16 ақпанда белгілі болады.

"The Qazaq Times"