Сайрагүл Сауытбайдың ісіне қатысы сот былтыр Қазақстан қоғамындағы айрықша оқиғалардың бірі болып қалды. Қытай қысымынан құтылу үшін екі ел шекарасын заңсыз кесіп өтіп, қазақ елін паналай келген Сайрагүлді Алматы облысы Панфилов аудандық соты алты ай бас бостандығынан айыруға, алайда «жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына байланысты» шартты жазаға алмастыру үкімін шығарған еді. Сот үстінде босап шыққан Сайрагүлге ҚР билігі «пана іздеуші тұлға» куәлігін үш ай уақытқа берген болатын.

Ал, Сайрагүл Сауытбайдың босқын мәртебесін алу туралы өтініші қазан айында Алматы облыстық Көші-қон комитеті жанындағы комиция тарабынан тойтарылған. Содан бері Сайрагүл Сауытбайқызы «Пана іздеуші тұлға» куәлігін екі мәрте үш айға ұзартты. Соңғысы 28 қаңтар күні Алматы облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі жағынан табысталды. Бұл құжаттың жарамдылық мерзімі 25 сәуірге дейін екені белгілі. Алайда, көзқарақты көпшілік босқын мәртебесінен бұрын, Сайрагүлге «Қазақстан Республикасының азаматы» дейтін мәртебенің берілуін қалайтыны анық.

Көпшілік назарын аударатыны, С. Сауытбайға «Пана іздеуші тұлға» құжаты кезекті рет ұзартылған уақытқа тұспа тұс, кениялық спортшыларға Қазақстан Республикасының азаматтығы берілгені туралы хабар әлеуметтік желіде тарап, кереғар екі мәселе бірқатар желі қолданушының сөгісіне қалып еді. Осыған байланысты біз қоғам белсенділері мен заңгер Абзал Құспановтың пікіріне құлақ түрген едік.

Қоғам белсендісі, «Еламанаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ырысбек Тоқтасын:

Әрине, мұндай жағдай адамды ашындырады, халықтың да ашу-ызасын тудыратын істер ғой, өз қазағына азаматтық бере алмай отырғанда, өзгелерді жарылқау деген. Кейде біз сондай «жалпақ шешей» боп қаламыз ғой. Осыған байланысты айтатын мынадай бір мәселе бар, төтенше жағдайда жеңілдетілген азаматтық беру деген бар, әсіресе олипиада спортшыларын шетелден алып келген кезде оларға тез арада Қазақстан Республикасының азаматтығын береді. Қазір мына Қытайдағы жағдай ашық соғыс болмаса да, одан бір кем болып тұрған жоқ. Қытайда жасалып жатқан геноцидтен қашып келген адамдыкі де төтенше жағдайға жатады. Осындайда төтенше жағдай ретінде азаматтық беру қарастырылуы керек негізі.

Президенті айыптауға болмас, бірақ президент айналасында жүрген жағымпаздардың, спорт саласын басқарып отырған адамдардың ұлттық мүддеден көрі өздерінің жеке атақ-абройын жоғары қойып, шетелден спортшылар алдырып, солар алған жүлде арқылы атақ-абыройларын, отырған тақтарын қорғап қалу мақсатында жасап отырғаны екені белгілі.

Сайрагүлдың босқын мәртебесін алуға құқылы болатыны оның отбасы осында тұрады, заңды некедегі күйеуі мен екі баласы да Қазақстан Республикасының азаматы. Сондықтан Сайрагүлдің де босқын мәртебесін, Қазақстан азаматтығын алуға құқы бар.

«Пана іздеуші тұлға» куәлігін беруі, ел ретінде уақытша болса да дұрыс қадам деп есептеймін, өз басым. Бір адамға босқын мәртебесін алу үшін сол елде белгілі мерзім тұру секілді халықаралық талаптар болады. Қателеспесем, бұл Еуропа елдерінде де шамамен бір жыл уақыттан кейін беріледі. Мәселені «суытыңқырап», уақыт өткізіп барып, еліміз тарабынан бұл мәселе шешіледі және алдағы уақытта Сайрагүлге босқын мәртебесін, Қазақстан Республикасының азаматтығын беретініне сенеміз.

Міне, бұл Қытайдағы қазақтың басына күн туғанда қазақ елі ретінде бір қазақ болса да Сайрагүлге Қазақстан Республикасының азаматтығын берсек абзал еді деген қоғам ойының бір өкілі. Бірақ, бұл сұраққа Сайрагүлдің соттағы қорғаушысы бұған басқа қырынан жауап берді.

Заңгер, Сайрагүл Саутбайдың соттағы қорғаушы адвокаты Абзал Құспан:

Біріншіден,  Сайрагүлге қазіргі беріліп отырған статус заңмен көзделген нәрсе, яғни «Босқындар туралы заңымен» реттеледі. Айталық, босқын елге келіп қалған жағдайда, сосын өзі өтініш берген жағдайда, сол өтініштің мәні бойынша қаралып болғанға дейін мерзімі ұзартыла береді. Біз өтінішті Алматы облысы бойынша Көші-қон комитетіне бердік, олар бас тартты. Оның өзіне де бірер ай кетті. Бұл шешімге байланысты біз жоғары органға шағым келтірдік, үйткені «Босқындар туралы заңның» 15-ші бабының талаптарына сәйкес, мен одан жоғары тұрған органға шағымдануға міндеттімін. Сүйтіп, Астана қаласындағы Көші-қон комитетіне бердік, оларда бұл өтінішті қарап, биылғы жылы 4 қаңтарда бас тартты. Осыдан кейін біз бұны сотқа бердік. Бұл мәселені Талдықорған қалалық соты қарауы керек болған. Міне осылай соттың барлық барыстарынан өткенше бұл статус үш ай сайын ұзартыла береді. Себебі, тек бөле-жара Сайрагүлге ғана беріп отырған статус емес, заңда бар, заңмен көзделген статус – мүмкіндік.

Ол да болса заңның гуманистік бағыты, яғни барлық мүмкіндіктері біткенге дейін елден шығармау деген секілді. Әрі-беріден соң бұл – БҰҰ-ның талабы.  Бұны бір жеңіс немесе менің жұмысымның жетістігі деп қарауға болмайды, онсыз да заңмен берілуі тиісті нәрсе.

Енді, «Кениялық спортшыларға берілгенде, неге Сайрагүлге берілмейді» дейтін мәселе, әрине бұл азамат ретінде намысқа тиетін нәрсе – «Қазаққа үш қайнаса да сорпасы қосылмаған және қосылмайтын біреуге неге оп-оңай азаматтықты бере салдық? Неге Сайрагүлге бермедік?» дейміз. Бірақ, мен заңгер болғаннан кейін заңның талабы бойынша айтуым керек. Сайрагүлге біз қазір азаматтық берейік десек те, заң жүзінде бере алмаймыз. Неге десеңіз оның өте міндетті болған процедурасы бар. Бұл және формалдық процедура емес заң бойынша міндетті процедура. Біріншіден, өздеріңіз білесіздер, бізде қос азаматтыққа тыйым салынған, ал Сайрагүл қазірге дейін Қытай Халық Республикасының азаматы. Ол азаматтықтан шығу тәртібі бар, белгілі Себептермен Сайрагүл барып ол азаматтықтан шыға алмайды. Қытай азаматтығынан шығып, заңды түрде шекарадан өтіп келуі керек дегендей. Сондықтан да заң жүзінде бізде мүмкін емес. Айталық, менің өзім де билік басында отырсам да Сайрагүлге азаматтықты бере алмаған болар едім. Егер бір ғана Сайрагүлге айрықша жеңілдік жасайық десек, кейін басқа да азаматтарға солай жасауға міндетті болып қаламыз. Заң бәріне бірдей, жалпыға ортақ сынды Конституциялық норманы сақтауға тиіспіз қандай жағдайда да . Сондықтан біз қазір тек қана босқын мәртебесін алу үшін жұмыс жасап жатқанымыз сол, – дейді Заңгер.

Бір елде қандастардың басына күн туып жатқанда, елге келгені құжаттық жұмыстардың сарсаңында сабылып жатқанда, ауылдағы қазақтың қара домалақтары қайратын қайда жұмсарын білмей жатқанда, алыс қара құрлықтан спортшы алдыру, оған ел азаматтығын беру қоғамның ашуына тиетіні анық қой. Тіпті қоғамда бұл істі елдің намысы, байрағының биіктеуіне жасалғаннан көрі, бәз бір шендінің қалтасы мен қарынының қамы деп қарайтындар да аз емес.  Не десек те, өзімізді, өзіміздегін, өзіміздікін –өзін қадірлеуге біздің ел қашан жетер екен?!

“The Qazaq Times”