Алда еліміздің ең қастерлі мерекелерінің бірі тәуелсіздік күні келе жатыр. Ұлт тәуелсіздігінің ең басты негізі - ой-санасының азаттығы, ешкімге тәуелсіздігі, еркіндігі. Көшпенді бабаларымыздың Еуразия құрлығының ен даласында құрған айбарлы империялары, қаһарлы қағанаттары бүгінгі біздің ғана емес, болашақ ұрпақтарымыздың да адамзат тарихындағы төл құжатындай жарқырайды. Ал, сол тарихқа деген дұрыс таным, өзіндік азат ой, дербес көзқараспен қарау - мемлекетті құраушы ұлт ретінде елдік тұтастық пен бекемдікке берік негіз болары анық. Осы ретте жас зерттеуші Ерзат Кәрібайдың Ғұн тарихы туралы, олардың азаттық пен еркіндікке деген ұмтылысы туралы тарихи деректермен дәйектеген мақаласын оқырманға ұсынып отырмыз. 

Ғұндардың әскери мемлекетінің құрылуы

Біздің заманымыздан бұрынғы 215 жылы Ғұндардың көшпенді-әскери мемлекеті құрылды. Ұлыстың қағаны Түмен болды.  Түменнің Бақтұғ( Модон) атты тақ мұрагері болды, Түмен оны тақ мұрагерлігінен қағып, көршілес Нүкүз(月氏)дерге аманатқа жіберді, артынан екі ел жауласқанда Нүкүз ханы Модонды өлтірмек болады. Модон  Нүкүздердің бір жүйрік атын қолға түсірді де ұстатпай  Ғұндарға қашып келді. Түмен тәңірқұт оған түмен(10000) жасақты басқартты, Модон ысқырма жебені  жасап шығып  жасақтарына: «Мен жебені қалай атсам, сендерде солай атасыңдар, атпағандардың басы кесіледі!» деп әмір етті. Бір жолы өзінің сайгүлігіне қарата оқ атты, өзімен қосыла атпағандарды сол майданда шауып өлтірді. Тағы бір жолы тіпті өз бәйбішесіне қаратып оқ атты, қосыла атпағандарды тағы да өлтірді. Түмен тәңірқұтпен бірге аңға шыққанда ол оның атына қарата оқ атты, жасақтары бірге оқ атты, ол енді Түмен тәңірқұтқа қарата оқ атты, жасақтары жамырай оқ жаудырып Түмен тәңірқұтты жайратты. Модон өз жасақтарының енді нағыз қатаң тәртіпке бағынатын қосынға айналғанын білді.  Артынша Модон Түменнің бас имеген уәзірлерін, өгей шешелерімен таққа таласу ниеті бар ханзадаларды тегіс өлтірді де, бар билікті өз қолына алды. Модұннің таққа отырғанын естіген Шығыс Хулар(东胡, Дұң ху) oның сайгүлігін сұратып елші жіберді, Уәзірлері «Қасиетті хан тұлпарын беруге болмайды» десті. Модон: «Көрші ел ғой, көрші отырып оларға бір қылқұйрықты да қимаймыз ба?» деді де тұлпарын бергізді. Келер жылы сол уақытта Дұңхулар тағы елші жіберіп Модұннің ханымын сұратты. Қаны қайнаған уәзірлер : « Дұңхулар әлінен асқан екен, былтырғысы аз болғандай енді ханымға ауыз салмақ екен,  аттанып барып оларды талқандайық!» деді, Модон: «Көрші ел ғой, оларға бір шөпжелкені де қимасақ қайтып тату болып отырмақпыз ?» деді де ханымын беріп жіберді. Келер жылы Модон бізден қорқады деп есірген Дұңхулар тағы елші жіберіп: «Ғұн мен біздің арамыздағы мың шақырымдық бос жатқан жерге Ғұндар енді аяқ басушы болмасын, ол жерді біз аламыз деді!», кей уәзірлер: «Онсыз да иен жатқан жер ғой, онан бізге келер-кетер ештеңе жоқ деді», қатты ашуланған Модон: «Жер - елдігіміздің негізі, оны жауға қалай береміз?» деді де, сол жерде-ақ жерді берейік дегендерді шауып өлтірді, жаудың елшісін де өлтірді де : «Кімде-кім жорықтан қалса басы кесіледі!» деп бүкіл елге жарлық етті, Ғұнның біткен еркегі соғысқа аттанып Дұңхуларды қапыда басты, күйрете жеңіп, ханын өлтірді, халқын тұтқындап құл қылды. Артынан Нүкүзтердің ойранын шығарып, қонысын тартып алып, батысқа қуып салды. Нүкүздер Іле мен Жетісуға ауып келді де, ол жердегі Сақтарды талқандады, Сақтар Ауғанстан мен Индияға қарай қашты. Модұн  (乌孙 ) Асуандарды Нүкүздерді қуғындауға аттандырды, Лежау(лап кок) бастаған 30 мың Асуан әскерлері Нүкүздерден Жетісуды тартып алды. Осылайша, Ғұндардың батыс шекарасы Жетісуға дейін келді, Шығыста Жапон теңізіне тірелді.  Шығыс Түркістандағы Кроуан, Ферғана, Сулы қатарлы 36 бектік Ғұндарға тізе бүкті. Батыс терістікте байқал көлі мен Саян-Алтай арасындағы Қыпшақ, Жанкүн, Сенле, Деңлең қатарлы елдер тегіс бағынды. Оңтүстіктегі  Қияндар да бағынды да, территориясы 10 миллион шаршы километрден асатын ұлы Ғұн көшпенді-әскери империясы құрылды.

Қытайды бағындыру

Біздің заманымыздан бұрынғы 200 жылы Қытайдың Хань империясы мен Ғұндар арасында тарихи сипат алған шешуші соғыс басталды. Бұған дейін Цинь империясы ыдырап таққа отырғанына  жеті жыл болған Лю Бань 320 мың жасақпен Ғұндарға қарсы аттанады.  Бұл соғыс туралы Қытай тарихшысы Сы Ма Циеян былай дейді: «Ғұндар Ма И қаласын қоршады деп естіген Хан Гаузу(Лю Бань) 320 мың жасақпен Ғұндарға қарсы жорыққа өзі шықты. Модон өтірік жеңілген болып солтүстікке қарай шегіне берді, артынан өкшелей қуған Хань армиясы солтүстікке барғанда күн суытып кетті. Бай Дің тауына жеткенде Модон 400 мың атты жасағымен армиямызды қат-қабат қоршап алды.  Батыста кілең ақбоз аттылар, шығыста кілең қара көк аттылар, солтүстікте кілең қоңыр аттылар, оңтүстікте кілең жирен аттылар қоршап алды. Бір апта дегенде жасақтарымыздың 3/10 - нің қол аяғын үсік шалды, қатты абыржыған патшамыз Ғұн қатұнына елші салып пара берді, Ғұн ханымы Модонға: "Екі патша бір-бірін бұлай қыспаққа алмас болар, Ханның жерін алғаныңызбен иелеп тұра алмайсыз, олардың да жебеуші киесі бар, тәңірқұт, ойланғайсыз!" деді. Бұған қосылған тәңірқұт қоршаудың бір шетін ашты, жасақтарымыз осы саңлау арқылы шегініп шықты. Артынан Лю Жиңді елдесуге жіберді», – делінеді.

Салт атты садақшы ғұн. Фото: lichsucogihay.com.

Тұжырымдама:

Бұл бір өмірін Ғұндармен соғысуға арнаған Хан Уди сынды қаһарлы патшаның кезінде, яғни, аталған соғыстан тура 80 жыл кейін хатқа түскен. Осыған байланысты Сы Ма Цеян Хан Уди патшаның кәріне ұшырап, еркектік мүшесі алынып тасталған болатын. Бұндай жағдайда орда тарихшысы патшаның ата-бабалары бастан кешірген қорлық тарихты мүмкіндігінше жасыруға тырысқаны байқалады. Жеңіліс анық жазылған, бірақ Ғұн жасағының саны 400 мың, Хань армиясы 320 мың, яғни санының аздығынан, табиғаттың қолайсыздығынан деп жал тапқан. Бірақ кейінгі тұтас Ғұн-Хань соғыстарында Ғұндар ең көп болғанда 140 мың ғана қосынмен соғысқа шыққаны тағы айтылады.  1211-1216 жылдары терістік Қытайды талқан еткен Шыңғысхан да небары 100 мың жасақпен Жинь-нің 400 мың жасағын қойша қырып тастаған болатын. Сонда Шыңғысханмен деңгейлес қаған оншалықты көп әскер шығара алуы қиын. Сахарадағы көшпенділердің саны да көбінде миллион адамнан көп аса бермеген. Демек, Ғұн әскері  асса 200 мың, әйтпесе 100 мың адам болған деуге болады. Ал Хань әскерінің саны 320 мың, ендеше соғыс қалай болды, Сы Ма циеян тек Хань армиясы қуалай берді, соңы қоршауға түсіп бір апта қамалды, соңынан қоршаудан шықты дей салған. Ал шын мәнісінде сұмдық қанды-қасап қырғын болғаны анық, Хан армиясы қоршауда "қойша қырылған", Хан Уди патша Ғұн тәңірқұтына тізе бүккен. Екі жақ келісімдер жасау арқылы Хань елі Ғұндарға жылына жүз мыңдаған тонна астық, жібек, кездеме, алтын-күміс төлеп тұратын сырттай бағынышты бодан елге айналған. Хань әулеті ең әдемі қыздарын Ғұн тәңірқұттарына әйелдікке беріп отыратын болған.  Соның өзінде жыл сайын Ғұн жасақтары Хань елінің шекара қалаларын үздіксіз тонап отырған, оған Хань патшалығы қарсы тұра алмаған.

195 жылы Модон Хан Гаузу өлгеннен кейінгі жесіріне: «Сенің күйеуің, менің бәйбішем өлді, енді екеуіміз ерлі-байлы болайық, сенің елің менікі болсын!» деп қорлау мағынасында сәлем жолдайды.  Ғұндарға әйел болған Жүй Хуаң Юе атты әйел Ғұнға келген хандіктерге: «Ей, топырақ үйде қамалып отыратындар, Ғұнның халық саны сендердің бір аймақтарыңа да жетпейді, бірақ соған қарамай айырықша қуатты болатын себебі тұрмыс тәсілі ұқсамайды, олар ет жеп қымыз ішеді,  сендерде қара халық қысы-жазы қара еңбек, егін егу, құрылыс салу мен титықтайды да соғыс бола қалса соғысқа жарамайды. Ал Ғұндарда ерлікті дәріптейді, жастайынан аң қуып, садақ атады, күресіп күш сынасады, сендер қалай ғана шақ келмексіңдер? Жібек киіп, шіренгенді қойыңдар! Жыл сайын әкелетін астықтарың мен алтын-күміс, жібек, кездеме, фарфорларың саны толық әрі толымды болсын, өйтпегенде күзде егіндеріңді жасақтарымыз атпен таптап кетеді!», – деген.  Бұл дерек Ғұндардың негізгі кәсібі мал бағу емес, қайта әскери тұрмыс екенін көрсетеді. Сонымен бірге, Хань елі Ғұндарға жыл сайын алман-салық төлейтін басыбайлы бодан ел екенін көрсетеді. Айта кетерлігі, Ғұнның көреген Модон тәңірқұтының бұл соғысы тек шешуші соғыс, оның алдында да талай шекара қалаларды тонау соғысын жүргізгені анық. Ол шамасы келе тұра Қытайды түпкілікті басып алмай, қайта сырттай бағындыруды тиімді деп білген. Өйткені, Қытайлар сан жағынан Ғұндардан 40-50 есе көп, оларды басып алса Ғұндар оларға сіңіп жоғалатынын білген.

Қытайлардың көтеріліске шығуы

Заманымыздан бұрынғы 128 жылы Хан Уди патша Ғұндардың қорлығына төзе алмай соғысуға бекиді. Оған көп уәзірлері қарсы болады, әуелі Ғұнмен соғыс деген сөзді алғаш естігенде көбі қорыққандарынан қалтырап кеткен екен. 80 жыл бейбіт өмірде Хань елінің қазынасы молаяды, мол экономикаға сүйеніп Ғұндардың тегеурінінен құтылу үшін соғыс жолын таңдайды, тек өздері ғана жеңе алмайтын болған соң батыстағы Асуандар мен Нүкүздермен одақ құрмақ болады...

128 жылы Уйцинь, Хо Шүй Бинь бастаған 150 мың армия Ғұндарға қарсы соғысқа аттанады. Хан деректерінде бұны теңдессіз жеңіске балаған. 70 мыңнан аса ғұн жасағы жойылды сонымен бірге 70-80 мың жасағымыздан айырылдық дейді. Демек бұл теке-тірес, тек тәуелсіздік әперген шайқас деп қарауға болады.  Бұдан кейін ханьдықтарды тонау мен айналысып соны күн көріс көзіне айналдырған Ғұндар экономикалық жақтан қиындыққа ұшырайды. Ғұндардың ендігі бір экономикалық көзі болған Шығыс Түркістанды Ғұндардан бөліп тіпті де әлсірету үшін Асуандармен одақтасып, Ғұнмен арада Шығыс Түркістанға талас шайқасы басталған. Бұлардың соңғы Ғұндардың біртіндеп әлсіреуіне апарып тіреген.

   “The Qazaq Times”