Бұдан былай Halyk Bank пен  Qazkom банктерінің Mastercard және Visa карталарын қолданушылар тауарлар мен қызметтер төлемдерін Apple Pay арқылы жасауға мүмкіндік алды.  Бұл туралы Алматыда өткен жаңа сервистің таныстырылымында Халық банк Басқарма Төрағасының орынбасары Нұрлан Жағыпаров айтты.

"Halyk Bank пен  Qazkom Apple Pay қызметін іске қосты. Бүгіннен бастап біздің клиенттеріміз тауарлар мен қызметтерге контактісіз төлем жүргізе алады. Жалпы, бұл бұрыннан жоспарымызда болған. Алайда екі банктің бірігуіне байланысты кейінге қалдырылды. Қазір банктердің интеграциялану процесі сәтті аяқталды, біз де бұл жүйені іске қосуды қолға алдық", - деді ол.

Басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, Apple компаниясымен келіссөз жүргізу де оңай болмаған. Оның үстіне бір емес, екі бірдей, яғни, Mastercard және Visa карталарына қосу үшін бір жылдан астам уақыт кеткен. Өйткені,  бұл техникалық  тұрғыдан да оңай шаруа емес.  Сондай-ақ, ол бұл қызметтің  әлемнің дамыған мемлекеттерінде де әлі іске қосылмағанын атап өтті.

Apple Pay қызметін іске қосудың үлгісі

"Қазақстан Apple Pay қызметін іске қосқан 30 елдің қатарында. Тіпті, дамыған ел Германияда да мұндай мүмкіндік жоқ әзірге. Уақыт айырмашылығына байланысты Қазақстан Бельгиядан да бұрын іске қосты. Себебі,  оларда да жаңа сервистің презентациясы бүгінге жоспарланған", - деді ол.

Сондай-ақ, Halyk Bank пен  Qazkom карталарын қолданушылар үшін банк  Starbucks, Marrone Rosso, Angel-In-Us секілді кафелерінде Apple Pay арқылы төлеген жағдайда  5% Go!  бонусын ұсынады. Басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, бұл тізім әлі де көбейеді. Бұл тек бүгінге дейін серіктес боп үлгерген компаниялардың қатары. Сонымен бірге, жүйеге қосылған кезде де аталған  карта иелері  500 Go! бонусына ие болады.

Apple Pay қызметін іске қосу оңай. Клиенттер Halyk Bank пен  Qazkom-ның Mastercard және Visa картасын  Homebank немесе Wallet апптары арқылы төлем қызметіне қоса алады. Дүкендерде Apple Pay арқылы төлем жүргізу үшін Айфон телефонының барлық соңғы үлгілері мен Apple Watch - ті қолдануға болады.

"The Qazaq Times"