Украина Бас прокуратурасы қызметкерінің сөзіне қарағанда, Өзбекстанның Бас прокуратурасы Ислам Кәрімовтың әйелінің немере інісі, 33 жастағы Акбарали Абдуллаевты экстрадициялауды сұраған. Бұл ақпаратты Өзбекстанның Бас прокуратурасы растады деп жазады "Орталық Азия хабар қызметі".

Өзбекстан Бас прокуратурасының айыптау қорытындысына сәйкес, Акбарали Абдуллаевқа миллиондаған қаржыны қылмыстық жолмен жымқырды, кірісті заңдастырды және шетел валютасын сақтады деген айыптар тағылған. 33 жастағы Акбарали Абдуллаевқа Өзбекстанның Бас прокуратурасы тарапынан халықаралық іздеу жарияланған.

2013 жылдың 10 қазанында Абдуллаевқа ауыр экономикалық қылмыс жасады деген айып тағылып, Ислам​ Каримовтің тікелей бұйрығымен тұтқындалған. 2014 жылдың қараша айында ол 15 жылға сотталған. Кейіннен оған 6 жыл, 6 ай жаза тағайындалды.

Түрмеде екі жарым жыл отырған Абдуллаев мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шыққан. Алайда 2016 жылдың 2 қыркүйегінде Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін, ол елден заңсыз қашып кеткен.

Үстіміздегі жылдың 14 қаңтарында Абдуллаев Киев әуежайында тұтқындалған.

Киевтегі Соломенск аудандық сотында Акбарали Абдуллаев пен оның адвокаты Өзбекстан билігі қозғап отырған қылмыстық істің негізсіз екенін айтқан. Абдуллаев қылмысы үшін жазасын өтегенін, өзін Өзбекстанға жібермеуін өтініп, ондағы түрмелерде аяусыз азаптайды деген.

«The Qazaq Times»