Қазақстан мен Қытай Шыңжаңдағы этникалық қазақстар мәселесін бірлесіп шешуге уағдаласты.

Қараша айының 9-ы күні СІМ Қайрат Әбдірахманов  Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдады. Кездесу барысында қос тарап екіжақтық қарым-қатынас, стратегиялық әріптестік, сауда-экономикалық байланыс жөнінде пікір алмасты.

Бұдан бөлек тараптар ҚХР-дағы қазақ диаспорасының Қазақстан мен Қытай арасындағы «достық көпір» екендігін атап өтті және Шыңжаң ауданындағы этникалық қазақтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға байланысты мәселелер өзара сенімділік, тату көршілік, құрметтеу қағидаттары негізінде оң шешілетін болады деген уағдаластыққа қол жеткізілді.

Соңғы жылдары Қытайдағы этникалық қазақатар жергілікті билік тарапынан қысым көруде. Осыған дейін БАҚ беттерінде «арғы беттегі қазақтардың саяси үйрену лагерлеріне күштеп жіберіліп жатқандығы» жөнінде ақпараттар тараған. Бұдан бөлек Қытайда қысым көріп жатқан қазақтардың Қазақстандағы туыстары аталмыш мәселеге байланысты бірнеше рет баспасөз мәслихатын өткізіп, биліктен «Қытайдағы қазақ» мәселесіне араласуын сұраған.

"The Qazaq Times"