М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Қолғанат Мұраттың «Бақыт кілті» атты драмалық қойылымының тұсауы кесілді.  Есмұхан Обаев қойған бұл туынды – бүгінгі күннің басты тақырыбын  қозғаған және жас драматург Қ.Мұраттың  үлкен сахнада қойылған алғашқы туындысы.

Жалпы, қойылым желісі былай өрбиді: Бауыржан есімді жас кәсіпкер  алғашқы еңбек жолын тұралап қалған алтын кенішін қайта жандандыру жұмыстарынан бастайды. Аталмыш жерден алтын өндіріп, халықтың игілігіне жұмыс жасамақ. О баста кенішті қыруар қарыздарымен сатып алған кәсіпкер жан-жақтан қысымға алынады. Себебі, біріншіден, жұмысшылардың еңбекақысын төлеу керек. Екіншіден бұл жерде көлеңкелі  жолмен пайда тауып отырған бұзақы топ бар, бөлінген инвестициядан  өз үлесін алуды көздеген сыбайлас жемқорлар бар. Бауыржанға оңайлықпен жол берер емес,  тіпті  оның жеке басына қауіп төндіреді. Зұлымдық пен ізгілік. Жалғандық пен ақиқат. Адалдық пен сатқындық. Екіжүзділік пен бірбеткейлік. Осы қасиеттердің барлығы бір қойылымның өн бойынан табылған. Театрға келген көп көрерменнің ойында, қойылым желісіндегі бақыттың кілті махаббат пен достықта, не болмаса атақ пен байлықта болады деген болжам болды. Олай емес екен. Рас, әркімнің ұғымындағы бақыт әр қилы. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деп қазақ бекер айтпаса керек. «Бақыт кілті» бақыттың кілтінің  адалдықта (еліңе, отбасыңа, жарыңа, мамандығыңа, өзіңе) екенін меңзейді. Намысшыл да жаңашыл жас ұрпақтың жеңіске жету жолын  көркем бейнелейтін бұл  қойылым  бүгінгі күннің   шындықтарын  алға тартады. Дегенмен, кемшіліксіз емес. Осы орайда назарларыңызға қойылым жайлы пікір ұсынамыз:

Фото: auezov-theatre.kz

Мафияның мүгедек баласының рөлі ғана шынайы шықты

Әсел Сарқыт, журналист: «Алғашында, қойылымның не туралы екенін білсем де, атауына қарап лирикалық эпизодтар басым болар деп едік. Алайда, қойылым "бақыттың кілті шындықта" деген ойға құрылған екен. Маған аса ұнаған жоқ: эпизодтар арасы дұрыс байланыспаған сияқты. Түсініксіз. Мәселен, Бауыржанға "Мен сені алып кетуге келдім",  – деп келе беретін кейіпкерді мафияның атқосшысы деп ойладық. Кейін қойылым брошюрасынан ғана оның елес болғанын білдік. Егер ол елес көретін болса, кейіпкердің психологиясында бірдеңе дұрыс емес пе деген ой келді. Сол кезде ештеңе көрмей, жерде жатқан Бауыржан әйелі келісімен бірден «есін жинап», ән айтқаны да сенімсіздеу. Сценарий шикілеу секілді... Еркебұлан Дайыров бизнесмен ретінде сендіре алмады. Азат Сейтметовты да ылғи жағымды образда көргендіктен болар, өз басым жағымсыз кейіпкер ретінде қабылдай алмадым. Мафияның мүгедек баласының ғана рөлі шынайы шықты. Балаң көңіл әкесінің «қуыршақ» екенін сезген, «Әке, сен жақсы адамсың ба?» деген сұрағы жүрегімізді елжіретіп жіберді,  тазалықтың белгісіндей көрінді. Декорация ұнады. Ал  қойылым басындағы қаралы хабар көрінісі мен от ортасынан Бауыржанды әйелі тауып алып, жұлдызға қарайтын сәтінен жасалатын лирикалық шегінісі сәтсіздеу. Көрерменнің көпшілігі осы тұсын түсінбегенін айтып бара жатты...»

Фото: auezov-theatre.kz

Бауыржан Асаубаевты зерттеп шығу ісін сыйлаған театр еңбегіне алғыс

Жамал Жақсытай. Инстаграмм парақшасынан«Қойылым елдегі ең бай 20 адамның тізімінде болған, Қазақстандағы аса ірі алтын өндіруші компания "Altyn Group Kazakhstan" кәсіпорнының қожайыны Бауыржан Асаубаевтың жол көлік апатынан көз жұмғаны жөніндегі радионың xабарламасымен басталады. Кейінірек, кәсіпорын директорының өлім құшқанға дейінгі басынан өткізген нәубеттерімен өрбиді. Қазақ бизнесінің бет-бейнесі, "аға-көке" деген түсінікке иіле қоймаған адал кәсіпкердің ажалмен сөйлескен ішкі күйзелісі, қасақана ұйымдастырылған "Кен орын апаты", білімді геологтың арқасында жұмысы жүрген Асубаевтар әулетінің екі минутқа жетпеген жеңісті сәті, сәби күнінде бандиттер көзінше анасы мен бауырын бауыздап, бөлшектеп кеткеннен кейінгі кемтарлық пен псиxологиялық ауытқуға душар болған мүгедек баланың әкесінің бизнестегі тірліктеріне бала көңілмен жиіркенген тұстары жүректі қозғамай қоймайды. Түсінбеймін неге бәрі тек "сәулем-ау" немесе маxаббат поэзиясымен сүйемелденген яки философиялық жан тебіреністеріне түсіретін қойылымдарға "керамат" деп шығамыз? Ал бұл қойылым жайлы рецензия тіпті аз. Қиял аспанынан түсіп, шынайы өмірде болып жатқан әлеуметтік, қоғамдық, мемлекеттік мәселелермен ауыратын "жып-жиырма бес" жастағы саналы мемлекетпіз ғой... Ал маған Бауыржан Асаубаев туралы интернеттегі барлық мақалалар мен жариялынымдарды зерттеп шығу ісін сыйлаған аталмыш театрдың еңбегіне алғыс. Мен жай ғана "Гакку жұлдыздарының" емес бизнес жұлдыздарының фанаты көп болғанын қалаймын. Ал Еркебұлан Дайыров өнердегі тағы бір кезекті "Бауыржан" рөлін сәтті сомдап шықты».

Фото: auezov-theatre.kz

Ең озық технологиялар пайдаланылатын бұл қойылымның сөзбен айтып жеткізуге келмейтін дүниелерін сол техникалар арқылы түсінгендей болдық. Сахна жоғары деңгейде безендірілген...

Жас кәсіпкердің тағдырлы ғұмырын көрсеткен бұл қойылым көрермен назарына ұсынылғанына көп болған жоқ.  Қойылым соңында басты кейіпкердің «мен шындықпын, мен ақиқатпын» деп жар салғаны көңілге қонбады.  Көрерменнің көкейінде қалған сұрақ көп, алайда... Бұны режиссерлік шешім болар деп топшыладық та қойдық.    «Шіркі-і-ін, арманыңды орындайтын алтын қанатты құлын болса ғой», – дейтін Бауыржанның арманы көкейімізде қалып қойыпты. Ондай құлын бар ғой, расымен. Тек ессіз сене білу керек. «Қазақ жалқау емес! Қазақтың да  қолынан бизнес жасау келетіндігін дәлелдеймін!» Бұл – Бауыржанның ұраны. Бір жағы, бүгінгі таңда жастар арасынан драматург жоқ дейтін сынға айтылған Қолғанат Мұраттың ұраны сияқты көрінді. Көрерменге ой тастай білген драматург – жақсы драматург.  Иә, "Қазақтың қолынан бәрі келеді". Әр қазақ осындай ұранмен еңбек етсе, бізден бақытты халық болмас еді.

Жоғарыда премьерадан шыққан екі қаракөздің пікірін оқыдыңыздар. Әсел мен Жамал  барын бар, жоғын жоқ деп бағалады. Ал тұтастай шығармаға жақсы не жаман деп шорт кесіп, баға беруге болмас. Себебі, еңбек бар. М.Горький:  «Ерлік атаулының ішіндегі ең кереметі – еңбек ерлігі» дейді. Сахнада ақ тер, көк тер болып, көрерменге жеткізу үшін барын салған 40 шақты (тек бір қойылымда), сахна сыртында оларды дайындаған, сахна төріндегі техникаларды басқарып отырғандар, режиссер, драматург, қаншама мамандар күш жұмсады. Ерледі. Премьера құтты болсын!   Театрда жолығайық, көрермен!

«The Qazaq Times»