Қазақ өнерінің мәдениет кеңістігінде орны толмас қайғы орын алып, Қазақстанның халық артисі, театр және кино актрисасы шығармашылық өмірінің 60 жылға жуық уақытын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына арнаған, өнер қайраткері Зәмзәгүл Түсіпбайқызы Шәріпова ұзаққа созылған ауыр науқастан дүние салған болатын.

Театрда марқұмның соңғы сапарға шығарып салуға арналған қаралы митингі өтті. Оған Астанадан Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің Жауапты хатшысы Қуатжан Серікқазыұлы Уәлиев арнайы келіп, қайғылы қазаға қатысты Қазақстан Республикасының Президенті атынан келген жеделхатты оқып берді.

«Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы ұлттық драматургия саласындағы талантты актерлер шоғырының белді өкілдерінің бірі болатын. Оның кинода және театр сахнасында сомдаған айшықты рөлдерін өнерсүйер қауым әрдайым қызыға тамашалады. Ол ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасы арқылы өз саласында айрықша із қалдырды. Зәмзәгүл Шәріпованың қазақ өнеріндегі ерекше орны мен жарқын дидары ешқашан ұмытылмайды деп сенемін», – делінген жеделхатта.

Бұл қаралы жиынды Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Максимұлы Маемиров жүргізді.

-        Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы Шәріпова - біздің М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 60 жылға жуық өзінің шығармашылық қызметін, ғұмырын арнады. Осы жылдардың ішінде ұлттық және әлемдік классикалық драматургияларда жүзден астам бейнелерді сомдады. Бір-біріне ұқсамайтын жүзден астам арулардың «образдар галереясын» жасады. Солар сахналық кейіпкерлердің ішіндегі ең шоқтығы биігі М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Қарагөз бейнесі болып есептеледі. Қарагөз – З.Шәріпованың сахналық бойтұмары, театр өнеріндегі «төлқұжаты». Қарагөздің ішкі психологиялық иірімдерін, қойылымдағы жынданар сәттегі эмоциялық жай-күйін Зәмзәгүл апай кәсіби шеберліктің шыңына жеткізіп тұрып сомдай білді. Көрерменнің жүрегіне жеткізе білді. Сондықтан біздің қазақ театрының тарихына Қарагөз бейнесі алтын әріптермен жазылып қалды.

Ұлы жазушы М.Әуезовтің өзі де Зәмзәгүл Шәріпованың дауысына, образ сомдаудағы шеберлігіне тәнті болып, «Трагедиядағы мен суреттеген, жазған Қарагөздің болмыс-бітімін Зәмзәгүл Шәріпова шынайы, өте биік деңгейде жеткізді» деп баға беруі, тегіннен-тегін емес. Тіпті, дауыс мәнеріне, үніне, қоңыр дауысына тамсанып «Сенің атың Зәмзәгүл емес, Зәмзәм-Кәусар! Себебі сенің даусыңда керемет кәусар үн бар!» деп баға бергені көрермендердің жадында.

Әмбебеп өнер шебері. Тек театр ғана емес, сонымен бірге кино, дубляж, радио саласында тындырымды еңбек етіп, өз қолтаңбасын қалдырды. Сан ұрпақ қазақ радиосынан Зәмзәгүл Шәріпова оқыған ертегілерді тыңдап, халық ауыз әдебиетінен сусындап, тағылым алып өсті. Сондықтан ұланғайыр еліміздегі бірнеше буын ұрпақ үшін, Зәмзәгүл Шәріпова – қазақ өнерінің аяулы анасы.

Әділғазы Бақытұлы Кереев

“The Qazaq Times”