Қытайдағы Хунан телеарнасының «Мен әнішімін» тележобасы басталғалы иісі Қазақтың ғана емес, дүйім Қытайдың аңсары аталған жобаға қатысқан Қазақстанның жас әншісі Димаш  Құдайбергенге ауды. Олай дейтініміз, байқаудың басында-ақ, өзінің таңғажайып дарынымен дүйім жұртты дүр сілкіндірген Димашты Қытайлар «Тәңір өзі назарына алған әнші» деп бағалап, талантына тамсана таңдай қаққаны рас. Тіпті, биылғы «Мен әнішімін» жобасының жұлдызын жарқыратып, танымалдығын арттыра түскен де сол –  Димаш екені жасырын емес.

Әрине, бұған қуанбаған қазақ жоқ. Тек Қазақстандағы қазақтар ғана емес, төңіректің төрт бұрышындағы қандастар Димаштың тілеуін тілеп, тақымын қысты. Қазақтың бір ұлы миллярдтар еліндегі тыңдармандарды тамсандырып, салтанатты сахнасын дүр сілкінітіп жатса, неге қуанбасқа?!.

Дейтұрғанмен, Димаштың үлкен сахнада дүрілдетіп ән салғаны бұл ғана емес еді. Әнші Майра Мұхамедқызының 1997 жылы Португалияда өткен байқауда бас бәйгені алып келгенін көрмеген, білмеген жандай үнсіз қалып, 1998 жылы Ресейде өткен Чайковский атындағы байқауда үшінші орынды алып келгенде ғана тұтас Қазақстан дүр сілікінгені сияқты, бұдан бұрын да бірнеше байқаудың бас жұлдесін жеңіп алған Димашты Қытайдың жай бір тележобасына қатысқан кезде ғана жаңа көргендей жапырлағанымыз қай сасқанымыз сонда?!  Қытайдың ішінара танымал әншілері қатысқаны болмаса, кәсіптік тұрғыдан «Славиян базары» байқауының маңын көрмейтін «Мен әншімін» жобасының Димашты, ең әуелі қазаққа қайта таныстырғанына күлкің келеді. Одан да күлкілсі, Димаштың «Мен әнішімін» жобасында қазақша сөйлегеніне шетелдегі қазақтардың әсерленіп, көздеріне жас алғаны. Менің айтайын дегенім де осы.

Шынын қуғанда, бұл күлетін емес, жылайтын жағдай. Ойлап көріңізші, қазақтың қазақ тілінде сөйлегеніне қуанып отырғанымыздың өзі қасірет емес пе?! Әке-шешесі қазақ, Қазақстанда туып-өскен Димаш  қазақ тілінде сөйлемегенде, кімнің тілінде сөйлеуі керек? Ақиқат ащы болса да айтайық, орыс тілінде сөйлеуі керек. Біздің етіміз де, құлағымыз да соған үйренген. Идеямызға да сол сіңген. Өйткені, қазақ орыс тілінде сөйлесе, қалыпты құбылыс ретінде қабылдауды шетелдегі қазақтарға Қазақстанның қарапайым халқы емес, билік басындағылардың өзі үйреткен.

Қазақстанда мың жерден «қазақ тілі Қазақстанның мемлекеттік тілі» деп әйтылғанымен, билік басындағылардың шекара асып, шетелге барса, орсыша сайрайтын әдеті ме білмеймін, әйтеуір Қытайға келген Қазақстан мансаптыларының ресми кездесулерде қазақша сөйлегені некен-саяқ қана.

Қай бір жылы Әсет Исекешев премьердің орынбасары міндетін атқарып тұрған кезде, Қытайдың Үрімжі қаласында өткен үлкен жиынға қатысып, Шинжаң ұйғұр автономиялы өлкесінің басшыларымен ресми кездесу өткізді. Кездесу болардан бір сағат бұрын менің қытай әріптестерім бірнеше қазақ журналистерін арнаулы шақырып, өздерінің қазақ тілін білмейтіндіктерін айтып, аудармашы болуымызды (журналистер ара) өтінді. Мен «мақұл» деп баруын барсам да, «қазақстан шенеуніктері орысыша сөйлеп, жерге қаратпаса болды ғой» деп қылпылдап тұр едім, мөлшерім қате кетпепті, Исекешев салған жерден орысша сөйлеп «отырғызып» кеткені бар.

Келесі жылы Шығыс Қазақстан облысы акімнің орынбасары Ерлан Текешов Үрімжі қаласында өткен форумға келді. Біз ғана емес, қазақстандық шенеуніктердің орысша сөйлейтініне еті үйреніп қалған қытайлар да бұл жолы, орыс тілінен Қытай тіліне аударатын аудармашы дайындап қойыпты. Бірақ сөз кезегі келгенде Ерлан мырза таза қазақ тілінде сөйлей жөнелгенде, қытайлардың қапелімде қазақшаға аударатын адам таппай, қатты сасқанын көзіміз көрді.

«Қазақ пен қазақ қазақ тілінде сөйлессін» деп Нұрсұлтан Назарбаев талай мәрте айтып, «қазақ тілінің мәртебесін көтеру» туралы жоба-жоспарлар жіті жасалғанымен, соны алдімен Қазақстанның билік басындағылардың өзі ескермейді әрі атқармайды. Қазақстанда, отбасында, түрлі кездесуде, қоғамдық ортада орысша сөйлегені аздай, шетелдердегі ресми кездесуде де орысша сөйлейтінін ғаламтордан да көп көрдік. Солай болғандықтан да, шетелдіктер Қазақстан басшыларын қабылдағанда «аты қазақ, тілі орыс» деп орыс тілін білетін аудармашы дайындайтын секілді. Қазақ тілі қазақтардың өздеріне керек болмаса, жат жұртқа көк тиындық құны бар ма?! Шетелдегі қазақтардың Димаштың қазақша сөйлегеніне жүрегі жарыла қуанатын себебі осында. «Шенеуніктер Димаштан үйренсін» деп отырғанымыз да содан.

Атажұрт Аңсаған

«The Qazaq Times»