3 шілде күні Астанадағы  «Қазақстан» концерт залында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған І «Burabay Summer Fest» жасөспірім таланттардың халықаралық фестивалінің аяқталуына арналған Гала-концерт өтті. Шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі арнайы ұйымдастырған.

Аталған министрлік таратқан мәліметке қарағанда, байқауға қатысуға республикамыздың жер-жерінен және шетелден (Қытай, Беларусия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Түркия) дарынды балалар вокал, хореография, мәнерлеп оқу және аспапта орындау түрлері бойынша 17 маусымнан бастап 400 ден астам өнерпаздар қатысты.

Кешегі ақтық кезеңде финалистер анықталды. Нәтижесінде бас жүлде иеленгендер: «Көркемдік оқу» номинациясы – Тілек Нұрқожа (Қызылорда облысы), «Халық би» номинациясы – Джумалиев Ратмир (Алматы қаласы), «Дәстүрлі өнер (жеке орындаушылық)» номинациясы – Әлімқұл Сұлтан (Жамбыл облысы), «Классикалық өнер» номинациясы – Ыдырысова Камила, «Дәстүрлі өнер (ансамбль)» номинациясы – «Жетіген» ансамблі (Түркістан облысы), «Дәстүрлі ән» номинациясы – Ілиясова Айжан, «Эстрадалық ән» номинациясы – Баситова Карина (Алматы қаласы), «Академиялық ән» номинациясы – Жүсіп Ансар (Ақтөбе облысы). Фестивальдың бас жүлдесін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы – Қазақстан Республикасының Президенті Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы атынан ақ рояль мен Лос-Анджелестегі әйгілі «UNIVERSAL STUDIOS HOLLYWOOD» киностудиясына бару мүмкіндігін Жүсіп Ансарға табыстады.

Айта кетейік, Бас Жүлде иеленген Жүсіп Ансар Ақтөбе облысының тумасы. Ансар «Академиялық ән» номинациясы бойынша байқауға қатысып, мықтылардың қатарынан табылды. Ансар Ақтөбедегі №1 Балалар музыкалық мектебінде «вокал» бөлімінен дәріс алған.

“The Qazaq Times”