Әлемдегі нөмірі бірінші террорист болып саналатын Усама Бен Ладеннің мұрагері Хамза халықаралық террорлық ортаға оралып, Сауд-Арабиясындағы монархияны жоюға дайын. Бұл туралы liberation.fr хабарлайды.

Сонымен қатар, аталған агенттік жариялаған хабарда «Әл-Каида» жетекшілерінің бірі батыстан кек алып, исламның киелі жерлерін басып алуды жоспарлауда, деп жазылған.

Хамза — Усама Бен Ладеннің жиырмаға жуық  ұлдарының арасындағы ең сүйіктісі. Ол әлемдік деңгейдегі нөмірі бірінші террорист саналған Бен Ладеннің өзге балаларынан өзінің дінге жақындығымен ерекшеленді. Білетіндердің айтуынша, Бен Ладен оны кішкентай кезінен бастап насихаттық мақсатта пайдаланған.

Мәселен, тоғыз жасында Хамза «Әл-Каиданың» көптеген бейне-роликтеріне түскен. Онда ол өзге дін өкілдерімен арадағы соғысқа арналған өлеңдерді нақышына келтіре оқыған. Сонымен қатар, Американың Ауғанстанға шабуылы кезінде өртенген ұшақтардың фонында суретке түскен. Ол Беназир Бхуттоны өлтіруді жоспарлаған Пәкістандағы террорлық астыртын әрекетке де қатысқан.

Ал, әлемдік сахнада ДАИШ пайда болған кезде Хамза ақпараттық алаңнан көрінбей кетті. Оның қайтыс болғандығы туралы қауесет тарап, алайда бірнеше жылдан кейін ол «Әл-Каида» ұйымының басты беленділері ретінде қайта оралды. Хамзаның қайтадан оралуы Сауд-Арабиясына үлкен қауіп тудырды. Өткен жылдың қыркүйек айында ол тайпаларды осы елдің үкіметін құлатуға шақырған еді.

Әр-Риад жүргізіп отырған кейбір реформалар көптеген наразы топтың ашуына тиген. Ал, Хамза осыны пайдалануды көздейді, дейді сарапшылар. Осы орайда, ресейлік профессор Григорий Косач Бен Ладеннің ұлының тайпаларға жасаған үндеуін тапқыр шешімге балайды. Алайда ол, өзара мемлекетаралық егеске қарамастан, саудиялық тайпалар кіші Бен Ладеннің сөзіне ермейді деп үміттенетінін жасырмады. Ал, әлемдік саяси технологтар орталығы тайпалар арасындағы қақтығыс расымен де Сауд-Арабиясы үшін қауіпті болмақ деп хабарлады.

Мамандардың пайымдауынша, ДАИШ-тың ыдырауы мен Хамза Бен Ладеннің саяси сахнаға қайта оралуы сияқты оқиғалардың тұспа-тұс келуі «Әл-Каидаға» екінші серпін беруі мүмкін. Ауыздықталған ДАИШ-тықтар Хамзаны өздерінің жаңа лидерлері ретінде көріп, оны өз таптарына қосуға тырысулары ықтимал.

“The Qazaq Times”