АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс сауда мен Солтүстік Корея мәселесінен кеңейіп, әскери әрекеттерге қарай ойыса түсті. Бұл рет АҚШ Қытайдың «Тынық мұхит шеңбері-2018» ауқымды теңіз әскери оқу-жаттығуға қатысудан бас тартты. Пентагон оның себебін Қытай даулы Оңтүстік Қытай теңізінің аралдарында әскери қадамдарын жиілеткені үшін», – деп көрсетті.

Қорғаныс министрлігінің сәрсенбі күнгі мәлімдемесінде, Қытай даулы аралдарда орта қашықтықтағы зымыран құрылғыларын орнатып жатқанын, оның ішінде ядролық зымырандарда бар болуы мүмкін екенін де алға тартты. Қытайдың осы қадамдары АҚШ-тың кезекті шешіміне себеп болған.

АҚШ қарулы күштерінің бұл шешімінен бұрын, Трамп Ким Жоң Унмен кездесуден бас тартқан болатын. Бұған Қытай ықпалының қатысы бар болуы мүмкін дегенді көптеген елдің БАҚ-ы жазды. Бұдан сырт Уашингтон мен Бейжің сауда дауына тап болып отырғаны тағы бар. Бұл дауда екі елдің сауда саясаты, ғылым-техниканы дамыту саясаты және нарыққа қол жеткізу бағытындағы ұзақ жылғы қайшылығы жатыр.

Бұл түйткілдерге келіп қосылған Оңтүстік Қытай теңізіндегі Қытайдың арта түскен әскери әрекеттері екі ел арасын суытып сала берді. Қытай иелік құқығы даулы аралдарға біржақты шешімдермен, әскери базалар мен құрылғылар орната бастады. Ал, Бейжің билігі бұл әрекеттер милитаризация болып саналмайтынын айтады. Керісінше, бұл аралдар Қытайдың иелігіндегі аумақтар болып саналатындықтан, өздерінің территориялық қауіпсіздігі үшін жасап жатқан шара деп түсіндіреді. Бірақ, бұған АҚШ пен өзге Тынық мұхиты жағалауындағы елдер келіспейді.

Пентагон шешімі мен Трамп шешімі қатар жарияланды және Қытайға үлкен ескерту болып жетті. Бұл біріншіден, АҚШ Қытаймен Тынық мұхит суларында әскери ынтымақтастықты жүзеге асырмайтынын, екіншіден Оңтүстік Қытай теңізіндегі әрекеттеріне қарсылығын, үшіншіден, Солтүстік Кореямен келіссөздің бұзылуын тікелей Қытайдың ықпалынан деп қарайтынын білдіріп отыр. Ендігі жерде Бейжің мен Уашингтонның сауда дауы да, әскери егерлестігі де, дипломатиялық қайшылығы да күн санап артуы бек мүмкін. Бұл Қытайдың ішкі-сыртық саясаттарына үлкен өзгерістер ала келеді.

“The Qazaq Times”