Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ), АҚШ-тың "Иранның ядролық келісімінен" шыққанына қарамастан, Иран 2015 жылғы сол келісімшарт арқылы бекітілген шектеулер аясында өзінің ядролық бағдарламасын сақтап отыр, деп хабарлады.

МАГАТЭ-нің мәлімдемесіне қарағанда, Иран уранды байыту бағдарламасын тоқтатпай, оны сақтауда. Иранның байытылған уран қоры халықаралық келісім бойынша белгіленген шекте, яғни 300 кг. көлемінде сақталуда. Алайда, аталған агенттік осы мәлімдемесінен бөлек, Иранды МАГАТЭ-нің қосымша келісімшарты аясында жасалған «қосымша мүмкіндік» атты инспекциясына кедері жасауда деп айыптауда.

Естеріңізге салсақ, 2015 жылы Иран мен "алтылық" (АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия, Қытай және Ресей) елдері ядролық бағдарлама бойынша тарихи келісімшартқа қол қойып, нәтижесінде Теһранға (Тегеранға) қатысты санкциялар жеңілдетілген еді. Сонымен қатар, Иран қаруға қолданылатын плутонийді шығармауға, 15 жыл бойына 3,67%-ға дейін байытылған уранның 300 кг-нан аспайтын мөлшерін ұстауға, ядролық нысандарды қайта жабдықтап, оларды тек бейбіт мақсатта пайдалануға міндет алған болатын. Ал, бәрімізге белгілі, үстіміздегі жылдың 8 мамыр күні АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарламасынан шығатынын және ирандық режимге қарсы жаңа санкциялар салатынын мәлімдеген еді. Трамптың бұл шешіміне ЕО елдері мен Ресей қарсы шыққан болатын. Енді, МАГАТЭ Иранның АҚШ-тың шешіміне қарамастан, сол келісімшарттпен бекітілген шарттарды жүзеге асырып отырғанын хабарлауда.

“The Qazaq Times”