Алматыда үйлері сүрілетін тұрғындар өтемақы ала алмай жүр. Олар әкімдік қызметкерлері төлем жасауды өткен жылы уәде еткен дейді. Алайда содан бері шенділерден еш хабар жоқ. Олар ашынған жұртпен тіпті тілдескілері де келмейді екен. Бар айтары - қазынада қаражат қалмады деумен шектеледі.

Жоспар бойынша, былтыр Алматыда қос жолайрықтың құрылысы басталуы керек еді. Қажетті жер телімдерін алу үшін мемлекеттік бюджеттен 7 млрд теңгеден аса қаражат қарастырылыпты. Осы ақшаға 300-ден аса ескі үй сатып алынып, кейін бұзылатын болған. Алайда бұл істің ұзаққа созылатын түрі бар. Өйткені, қала әкімдігі әуелде уәде еткен ақшаларын тұрғындарға әлі төлемеген.

Фото: QT

Жолайрықтың бірі Назарбаев пен Жансүгіров көшелерін байланыстырса,  екіншісі Жансүгіров пен Сейфулин көшелерінің қиылысында орын тебуі тиіс еді. Өткен жылы құрылыс компаниясы 30-ға жетеғабыл үйді сүріп, біраз аумақты босатыпты. Бірақ қалғандарына ақша берілмеген соң, әлгі құрылыс тұралап қалған.

Фото: QT

Елдің есін екеу, түсін төртеу қылғандардың бұл қылығы - тұрғындарды шығынға батырыпты. Олар үйіміз сүрілетін болған соң, қаланың басқа жерінен баспана қарастырып қойдық дейді. Қожайындарымен келісіп, алдын ала кепілақы төлеп те қойған. Араларында 1 млн теңге бергендері де бар екен. Бірақ әкімдік өтемақыны кешіктірген соң, әлгі қожайындары үйді басқа адамдарға сатып жіберіпті.

Фото: QT

Бастапқыда арнайы компания өкілдері жер үйлерді төмен бағалапты. Біреуіне 5 миллион, енді біріне 7 миллион теңгеден артық ақша бермейміз деген. Осыдан кейін, тұрғындар әкімдікпен соттасып, үй бағасын нарықтағы құнмен есептеу керектігін дәлелдепті. Ақыр соңында бұқара аудандық сотта жеңіске жетіп, талап еткен өтемақыларын көп кешікпей алатын болған. Бірақ әкімдік қызметкерлері сот үкімін де пысқырмады.

Фото: QT

Әкімдікке алданып қалдық деген тұрғындар - енді кімге барып шағымданарын білмейді. Олардың мүддесін қорғап жүрген заңгерлер де сот шешімі неге орындалмай жатқанын түсінбейді. Қызылкеңірдек болған ел ендігі күніне елеңдеп жүргенде, төңіректі тонайтындар көбейіп кетіпті. Ал осыған дейін бұзылып болған тамдар қаңғыбастардың түнейтін орнына айналған.

“The Qazaq Times”