Түркияда 2016 жылғы төңкеріс әрекетіне қатысты тергеу, тұтқындау жұмыстары әлі жалғасуда. Енді Түркияның Кония қаласының соты «ФЕТО» (FETO) ұйымының ісіне қатысты 70 әскери қызметкерді (кейбірі демалыстағы әскери) тұтқындауға шешім шығарды. Бұл туралы timeturk.com хабарлайды.

Құқық қорғау органдары тарапынан күдіктілерді ұстау үшін елдің 23 аймағында рейд жүргізілуде. Бұдан бұрын да жазғанымыздай, Түркия Соты 104 әскери қызметкерге өмір бойына түрмеге отыру жазасын берген еді. Одан бөлек, Түркияның Измир қалалық соты 21 адамды «президентті өлтіруге әрекеттенген» қылмысы бойынша, 20 жылға бас бостандықтарынан айырып, 31 әскери қызметкерге «террорлық ұйымның мүшесі» болған деген айыппен жеті жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған болатын.

Еске салайық, 2016 жылдың 16 шілдесінде Түркияда әскери төңкеріске әрекет жасалып, сәтсіз аяқталған еді. Сәтсіз әскери төңкеріс әрекетінің салдарынан 61 адам қаза тауып, 1440 адам жарақат алған болатын. Кейін 40 мыңнан астам адам тұтқындалды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мемлекеттік төңкеріс әрекетіне Ислам насихатшысы Фетуллаһ Гүленді айыптайды. Ал, көптеген жылдан бері АҚШ-та тұратын Гүлен өзіне тағылған бұл айыптаулармен келіспейтінін мәлімдеді.

“The Qazaq Times”