Қазақстан мен Дағыстан паром байланысын жандандырмақ.

Ресейдегі қазақ елшілігінің мәліметінше, Ақтау қаласына Дағыстан Республикасының Ұлттық саясат министрлігінің басшысы Газимагомед Гаджиев бастаған делегация ресми іссапармен келген. Іссапар барысында делегация мүшелері Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязовпен кездесіп, екі жақтық қарым-қатынас және Махачкала мен Ақтау арасындағы паром байланысын қайта қалпына келтіру жөнінде келіссөздер жүргізген.

Сарапшылар сөзінше, қазіргі таңда Қазақстан мен Дағыстан арасындағы сауда айналымы өткен жылдармен салыстырғанда  біршама өскен. Осыған байланысты қос тараптың жүк тасымалында паром байланысын қайта жандандыруға талпынысы көңілге қонымды шешім.

Айта кететін бір жайт, Қазақстан мен Дағыстан арасындағы паром байланысы алғаш рет 1999 жылы іске қосылған. Алайда көп ұзамай екі ел арасындағы жүк тасымалының аз болуына байланысты паром байланысы өз жұмысын тоқтатқан.

“The Qazaq Times”