АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео кешегі мәлімдемесінде, кедергілерге қарамастан Трамп пен Ким арасындағы кездесудің жоспардағыдай өтетінін мәлімдеді. Кеше түстен бұрын АҚШ пен Оңтүстік Корея президентінің Ақ үйдегі кездесуінде, Трамп Ким Жоң Унмен болатын кездесуді қалайда жүзеге асыратынын айтқан. Бұл туралы VOA News ақпараттық сайты хабарлаған болатын.

 Помпеоның мәлімдемесіне қарағанда, кедергілерге қарамастан кездесу өз уақытында өтуі мүмкін. Әрі, АҚШ мемлекеттік хатшысы осы міндетті өз үстіне алған. Дегенмен, Помпео кездесудің кез-келген уақытта күшінен қалуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.

АҚШ пен Солтүстік Корея арасында дамып келе жатқан дипломатиялық қадамдар, бірер апта бұрын тосын кедергілерге жолықты. Солтүстік Корея тарабы АҚШ-тың ядролық қарусыздану ісін тездету туралы қысымына кері реакция танытып, келіссөзден бас тартуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Осыдан кейін, екі ел басшылары арасында 12 маусым күніне белгіленген кездесу туралы күдік-күмән арта түскен. Бұл мәселе Помпеоның әр реткі баспасөз мәжілісі кезінде сұралатын тақырыпқа айналып отыр.

“The Qazaq Times”