Елімізде салық кодексі тағы өзгерді. Биыл бірінші қаңтардан бастап жаңа заңдық құжат күшіне енді. Үкімет тарапынан қабылданған кодекске біршама өзгертулер енгізілген. Ондағы кейбір талаптар күшейтілсе, енді бірі анағұрлым жұмсарыпты-мыс.

Жаңа салық кодексінде орта және шағын бизнеспен айналысатын адамдар үшін жеңілдіктер қарастырылған ба? Шеттен тауар алып келіп, ел аумағында саудалайтындардың билікке айтар қандай уәжі бар? Олар табысқа кенеліп жатыр ма, әлде шығынға белшесінен батқандар көп пе? Осы сұрақтарды "Next Capital" сауда компаниясының бас директоры Шұға Рақымбердіге қойып көрген едік. Қазақстанда шоколад бизнесімен бірнеше жылдан бері айналысып келе  жатқан іскер әйелдің салық кодексіндегі өзгерістерге байланысты өз айтары бар екен.

- Шұға ханым, былтыр еліміздегі салық кодексі біршама өзгергенін білесіз. Жаңа талаптар енді, бұрынғысынан түрленді. Аталған жаңашылдық отандық кәсіпкерлердің ісіне кедергі келтіріп жатқан жоқ па?

- Елімізде салық кодексі алғаш рет 2008 жылы қабылданған. Осы аралықта 16 рет өзгертіліп, тіпті 3 рет қайта жазылып шықты. Жүзден аса толықтыру енгізілді. Жауапты министрлік мұндай жаңашылдық қоғам талаптарына сәйкес түрленді деп отыр. Мәселен, ескі кодексте, білуімше, 798 бап болатын. Қазір соның 25 бабы алынып тасталды. Бизнес өкілдері мұндай жаңашылдыққа әр түрлі пікір білдіреді. Бірі қолдаса, енді бірі тіптен қарсы. Өзгелер үшін жауап беруден аулақпын. Сондықтан өзімнің жеке ісіме қатысты айтайын...

Біздің компания біраз жылдан бері шоколад бизнесімен айналысып келеді. Ресей елінен танымал өнімді сатып алып, Қазақстанға келіп саудалаймыз. Баға айырмашылығы азын-аулақ. Құнын күрт көтерген жоқпыз. Тіпті, нарықтағы осы тектес басқа өнімдерден анағұрлым арзан десем де болады. Әуелде тапқан табысымыз кеткен шығынды өтеумен ғана шектелетін. Бизнес тәуекелді қажет еткен соң, біраз табандылық танытып, кәсіпті әрмен қарай жалғастыруды ұйғардық. Әлі де сол бизнесті жандандырып, өнім көлемін ұлғайтуға күш салып жатырмыз. Десе де, бұл салада да біраз қиындықтар бар. Айталық, шекарадан әлгі тауарларды алып өту кезінде, оларды рәсімдеуде сан түрлі кедергіге тап боламыз.

- Ол қандай кедергілер? Кеңірек айтсаңыз?   

- Мысалы біз, шоколадтың бір данасын Ресейден 100 теңгеге алдық делік. Оны шекарадан алып өтіп, Қазақстанға жеткізгенімізде бағаға қосылған салық төлеуімізге тура келеді. Біз оны әлі нарыққа шығарып, саудаға қойған жоқпыз. Сонда да салық төлейміз! Менің түсінбейтінім де осы. Біз сатып алған тауарымызды сатып үлгермесек те, бір айдың ішінде бағаға қосылған салық төлеуге мәжбүрміз. Аз ақша болса, ауыз ашпауға болар еді. Бақандай тауар құнының 12 пайызын салық ретінде мемлекетке береміз. Біз тауарларды қораптап емес, жүк көліктеріне толтырып, кейде тіпті вагонға салып тасимыз. Сонда тауар көлемінің қандай екенін ойлай беріңіз. Біз әр тауарға бір ай өтпестен мол қаражат төлеуге міндеттелеміз. Мұндайда шығынға батпай қайтеміз? Мен биліктің мұндай саясатына қарсы емеспін. Салықтан жалтару ойымызда да жоқ, оны отандық бизнеспен айналысып жатқан әр адам төлеуге міндетті, әрине. Тек бағаға қосылған салықты - алып келген тауарымызды сатып бастаған кезде немесе сатып болған кезде төлесек те болар еді ғой?! Тауардан табыс түспей жатып, оған салық төлеуге міндеттіміз. Тағы айтамын, біз мұндайдан пайда таппақ түгілі - шығынға шаш-етектен батып жатырмыз. Кейбір кәсіпкер осындайдан кейін, кеткен шығынын қайтарып алу үшін өзге елден алып келген тауарларын 2-3 есе қымбатқа сатып жатады. Осыдан кейін, оның тауарын кім алады?

- Мінбердегілерге нақты айтар уәжіңіз қандай?

- Меніңше, біздегі салық кодексі әлі де шикі. Отандық кәсіпкерлер бағаға қосылған салықты тауарларын сатып болған кезде ғана төлесе екен деймін. Бір айда төлеу деген - ақылға қонымсыз дүние. Салық төлеу мерзімін жарты немесе бір жылға ұзартса, құба-құп болар еді. Салық кодексінде мұндай талап қарастырылмаған екен. Отандық бизнес өкілі ретінде заңнамаға осындай өзгеріс енгенін қалаймын. Әйтпесе, біз секілді  кәсіпкерлер сауданы қалай да жандандыра алмайды. Бір ғана түйіткіл біздің қолымызды байлап отыр. Өзге елден жеткізген тауарымызды сатайық. Кейін тапқан табысымыздан қажетті салықты төлейміз. Бар болғаны осы.

- Мемлекет мұндай қадамға бара алады деп ойлайсыз ба? Жалпы, отандық кәсіпкерлердің мұң-мұқтажы жиі ескеріле ме?

- Осыған дейін билік өкілдеріне базына айтып көргенім жоқ. Бірақ бұл мәселеде үндемей отыра беруге болмас. Әуелде айтқанымдай, бағаға қосылған салықты төлеу мерзімін жарты немесе бір жылға ұзартса - кәсіпкер алған тауарын сатып та, одан табыс тауып та үлгеретін еді. Осыдан кейін, мемлекеттік қазынаға тиісті салығын құяр еді. Естуімше, биыл күшіне енген салық кодексіне әлі де толықтырулар енгізіледі екен. Шамасы, бірінші шілдеге дейін кәсіперлердің ұсыныстары ескеріледі. Мен айтқан осы мәселеге жауапты министрлік назар аударса, соны елеп-ескерсе - алғыстан басқа айтарым жоқ еді...

Біздің ел Еуразиялық экономикалық одаққа, Кедендік одаққа мүше. Мемлекетаралық бұл келісім - ең бірінші, сауданы дамыту үшін жасалған деп ойлаймын. Сондықтан отандық кәсіпкерлер осы Одақ негізінде жасалған шарттардан опық жемесе екен, керісінше отандық бизнесті ілгерілетуге өздерінің үлестерін қосса екен деймін. Сол себепті, Қазақстан тарапы біздің бизнесмендердің мүддесін ойласа жақсы болар еді.

- Әңгімеңізге рақмет!                                     

 “The Qazaq Times”