Бейбітшілікке қарай қадам басқан Корей түбегі мәселесінде осы аптада бірқатар кері процесс те болды. Айталық, Солтүстік Корея тарабы «АҚШ бізді жедел ядролық қарусыздануға итермелей берсе, келіссөзді тоқтата тұрамыз» деген мәлімдемелерді де жасады.

Солтүстік Кореяның ресми ақпарат агенттігі сол елдің Сыртқы істер министрлігі тарабынан берілген ресми мәлімдемені жария етті. Онда: «Егерде АҚШ бізді тұйыққа тіреп, өзекті құралдан бас тартуды талап ете берсе, онда келіссөз біз үшін еш қызық емес. Алдағы АҚШ-пен болатын келіссөз туралы да қайталай ойланатын боламыз», – делінген болатын.

Естеріңізде болса Трамп-Ким кездесуі 12 маусым күні Сингапурде өтеді деп белгіленген болатын. BBC-дің Солтүстік Кореядағы тілшілерінің хабарына қарағанда, КХДР режимі кездесуді ресми түрде күшінен қалдырмаған, алайда, Трамп пен Ким арасындағы кездесудің мүмкіндігі азайған. Бұның алдында Солтүстік Корея сәрсенбіге жоспарланған Оңтүстік Кореямен өтетін келіссөзде күшінен қалды. Бұл келіссөзге екі тараптан теңдей мақұлдық беріліліп, екі ел арасындағы ұсақ-түйек мәселелерге дейін талқыланады деп күткен.

Сәуірдегі Оңтүстік пен Солтүстік Корея басшыларының кездесуінде келісілген мазмұндар:

·        Тараптар бір-біріне деген дұспандық саясатын тоқтату;

·        Екі ел шекарасындағы демилитаризацияланған аймақты «Бейбітшілік аймағы» ретінде құрып, шекара өңірлердің байланысын жақсарту;

·        Өңірдегі әскери құрал-жарақтарды қысқарту және әскери жаттығуларды азайту;

·        Қытай және Ресейдің қатысуымен төрт тарапты келісімді жүзеге асыру.

«Отқа май құю»

Оңтүстік Корея мен АҚШ арасындағы дәстүрлі бірлескен әскери оқу-жаттығулар Солтүстік Кореяның шамына тиіп отыр. Былтырға дейін Солтүстік Корея бұндай әскери жаттығуларды «Отқа май құю» деп атап, соғыс ашам деп қорқытып келген еді.

Дегенмен, Оңтүстік Корея жүзге жуық әскери ұшақ қатысқан кезекті әскери жаттығудың бұрынғыдан әлде қайда шағын екенін алға тартты. АҚШ пен Оңтүстік Корея бұндай әскери жаттығудың тек қорғаныс қуатын шыңдау үшін жасалғанын айтып, әрі бұл екі ел арасында көп жылдан бері жүзеге асырылған келісім екенін айтуда.

Бейресми кездесу кері әсерін тигізді

Шетел сарапшыларының бір бөлімі, Солтүстік Кореяның келіссөздерге деген ынтасының жоғалуы Ким мен Қытай басшысы арасындағы кездесудің ықпалы деп қарайды. Осыдан бұрын Солтүстік Корея мен Қытай басшысы 6 апта ішінде екі рет бей ресми кездесу өткізіп, сырт елдерді елең еткізген. Әрі кездесуде нақты не тақырыптардың талқыланғаны анық емес. Қалай болмасын, Қытай басшысымен кездесу Солтүстік Кореяның бейбітшілікке деген ұмтылысына кері бағыттан ықпал етіп отыр.

“The Qazaq Times”