Елімізде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап телефонын тіркемеген абоненттерге қызмет көрсетілмейді. Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев бүгін осылай деді. Ведомство басшысы аталған жаңашылдық - байланыс құрылғылары арқылы жасалатын қылмыстың алдын алуға мүмкіндік береді дейді.

Алайда таяқтың екі ұшы барын ескерген жөн. Телефондар жеке куәліктегі идентификациялық нөмір бойынша жаппай тіркелетін болса, онда заң органдары тарапынан әңгімелерді тыңдау, билікке қарсы айтылған жазбаларды жинау белең алмай ма деген күдік бар. Белгілі заңгер Думан Базарбеков бұл мәселеге қатысты өзінің пікірін білдірді.

- Телефондарды тіркеудің артықшылығы мен кемшілігі неде?

- Абоненттер өздері қолданатын телефондарды тіркесе жөн болар еді. Өйткені, ұрлық-қарлық кезінде қолды болған байланыс құрылғысын анықтау оңай болады. Полицейлер қазіргідей дәрменсіз болмас еді. Өйткені, жоғалған аппараттың сериялық нөмірі мен оның кімге тиесілі екені ортақ базада сақталып тұрады. Сол арқылы телефонды табу жеңілдей түседі. Одан бөлек, телефон арқылы қорқытып-үркіту сирейтін еді. Қазір жасырын нөмірмен әлдекімді шошытып, қоқан-лоқы жасап жатқандар жетеді. Көп жағдайда ондай адамдарды анықтау мүмкін емес. Егер телефондар тіркелсе, онда жәбірленушіге қыр көрсеткендер тез табылады. Елдің мазасын қашыратын телефон террористері тағы бар. Міне, осындай келеңсіздік болмас үшін, телефондарды тіркеген дұрыс деп ойлаймын.

- Кемшін тұсын айтпадыңыз ғой?

- Кемшілігі - қызмет бабын асыра пайдаланатын кейбір адамдар үшін бұл өзгеріс майдай жағары сөзсіз. Себебі, оспадар орындаушылар телефондарды еш кедергісіз тыңдау мүмкіндігіне ие болады. Екі адамның арасындағы телефон әңгімесі қазір де тыңдалады. Бірақ, көп емес. Тек заң органдарының назарына іліккен адамдар ғана жіті бақылауда болады. Егер телефондар тіркелсе, онда әлгіндей әңгімені кімнің айтып жатқанын анықтау оларға оңайға соқпақ.

Фото: CC0/StockSnap

- Қоғамның қызу талқылап жатқаны да осы. Көп адам телефондарымыз емін-еркін тыңдалатын болса, онда билікке қарсы сөз айтудан қаламыз ба деп күдіктенеді.

- Иә, ондай күдіктің болуы заңды. Әуелде айтқанымдай, осыны желеу етіп, билікке қарсы пікір ұстанған адамдар жаппай қудаланып кетуі әбден мүмкін. Сіз сөз бостандығын меңзеп тұрғандайсыз. Заңгер ретінде айтарым, телефондарды тіркеу - жаппай қудалауға ұласпауы керек. Құқық қорғау органдары ұлттық қауіпсіздікке, іштегі тұрақтылыққа нұқсан келтіруді көздеп жүрген адамдар арасындағы телефон арқылы жазылған әңгімені құпия ұстағаны жөн. Оны жария қылуға болмайды. Ол тергеу ісіне кедергі келтіреді және адамдардың еркіндігін шектейді. Әр адамның жеке пікірі, жеке ойы, сондай-ақ көзқарасы болады. Билікке қарсы пікір айтты екен деп, оны түрмеге қамап, қысым көрсету - біздегі заңға қайшы. Демократиялық мемлекетте ондай озбырлық болмауы керек. Телефондарды тіркеу - ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қолданылса құба-құп. Ал, еркін ойлы азаматтардың аузына қақпақ болуға жасалған қадам болса, онда құрыған екенбіз...

- Өзіңіз білесіз, іргедегі Қытайда мұндай заң бұрыннан бар. Ол жерде тіркелмеген абоненттер бірден бұғатталады. Соңы - тергелуге, қажет болса қамалуға ұласады. Біздегі өзгеріс осындай қысымды күшейтпесе екен деген ой ғой...

- Телефондарды тіркеу тек Қытайда ғана емес, әлемнің дамыған көптеген мемлекеттерінде бар. Мәселен, мен білетін Испанияда, Германияда, Ресейде, Біріккен Араб Әмірлігінде осындай талап бұрыннан қолданылады. Олар ең әуелі ұлттық қауіпсіздік мәселесін алдыңғы орынға қояды. Айталық, Францияда ID-кодың болмаса, тіпті ғаламторды пайдалана алмайсың. Меніңше, олар мұндай заңды мәжбүрліктен қабылдаған. Өйткені, кәрі құрлықта бір кездері содырлар сойқаны белең алып, елден маза кеткен-ді. Мысықтілеулілер үшін тіркелмеген SIM-карталарды пайдалану тиімді болған. Олар осыған дейін телефон арқылы әккі әрекеттерін жүзеге асырып келді. Ал қазір қауіпсіздік күшейді. Біздің ел де бұл заңды ең алдымен ақпараттық қауіпсіздік үшін қолданса, игі болар еді.

- Әңгімеңізге рақмет! 

“The Qazaq Times”