Бүгін, 14 мамырда Астанада осымен сегізінші рет өткізіліп отырған Сүрия мәселелерін реттеу жөніндегі келіссөз басталды. Бұл туралы ҚР СІМ-нің баспасөз қызметі хабарлайды.

Аталған мекеме таратқан хабарда «Астанада кепілгер-елдердің қатысуымен  Сүрия мәселесіне қатысты екіжақты және үшжақты келіссөздер басталды», - деген ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақовтың мәлімдемесі берілген.

Сондай-ақ, ол АҚШ делегациясының аталған келіссөзге бақылаушы ретінде қатысудан сырт қалғанын да айтқан. Ал, Ресей федерациясының Сүрия істері жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев АҚШ-тың келіссөзге қатысудан нақты бас тартқанын «әзірге естімегенін» хабарлап, америкалықтар отырысқа қатысады деп үміттенетінін жасырмады.

Айта кетейік, 2011 жылы Сүрияда қарулы қақтығыс басталғалы бері Астанада Сүрия мәселесін реттеу жөніндегі келіссөз жеті мәрте ұйымдастырылды. Астана келіссөзіне қолдау көрсетуші елдердің арқасында, Сүриядағы қақтығыс уақытша тоқтатылды. Ресей, Иран және Түркия аталған мәселе жөніндегі келісімшартты орындаушы кепілгер-елдер болып табылады.

“The Qazaq Times”