Осыдан бұрын 2017 жылғы «Рух» әдеби байқауының жүлдегерлерінің шығармалар жинағы, әдеби еңбектері жарық көріп, қалам артқан қазақ ақын-жазушыларының соңғы толқыны кең көлемде оқырмандармен қауышқан еді. Сол қатарда ақын, публицист, алаштанушы Ықылас Ожайұлының «Қалам ұшына тұнған сыр» атты еңбегі жарық көрді. Кітап тұсаукесері Астана қаласында болды және шығарма авторларымен кездесулер өткізілді. Ы. Ожайұлының шығармашылық ізденісінен туған еңбегі әдеби орта мен көзқарақты оқырман арасында қызу қарсы алуға бөленді.

Осыған орайда «The Qazaq Times» ақпараттық, қоғамдық-саяси порталы мен ҚазҰУ Журналистика факультетіндегі  М. Сералин атындағы шығармашылық бірлестік және «Жаһангер» интелектуалды клубы бірлесе отырып, Алматыдағы оқырман қауымға Ықылас Ожайұлымен шығармашылық кездесу ұйымдастырмақ. Кездесуде ақынның «Қалам ұшына тұнған сыр» атты еңбегі оқырмандарымен қауыштырылып, автормен сыр шертілмек. Ықылас Ожайұлының орындауында сарыны бөлек, саф тұма әндерден сазды шашу болмақ.

Шығармашылық кездесуге барлық көзқарақты оқырман мен қаламгер замандастарын, БАҚ-тағы әріптестерді шақырамыз!

Орны: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті, 230.

Уақыты: 12 мамыр, 15:00-де.

“The Qazaq Times”