Бірнеше күн бұрын, Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын/Kim Jong Un) алда болатын АҚШ президенті Трамппен кездесуден бұрын, тағы бір мәрте Қытайға құпия түрде сапарлай барып, Қытай басшысы Ши Жинпиңмен (Си Цзиньпин) кездескен еді. Бұл Қытай мен Солтүстік Корея лидерлерінің 6 апта ішінде екінші рет бас қосуы. АҚШ-Иран, Сүрия, Армения және Украина мәселелерімен қатар әлем назарында тұрған Корей түбегі мәселесі қай бағытқа қарай дамуда? Ши мен Кимнің қайталай кездесуінің сыры неде? Олар бұл кездесулер арқылы нені аңғартпақ? Осы сұрақтар төңірегінде жауап іздеп көрелік.

Ши мен Кимнің Далияндағы кездесуі

Ким Жоң Ун Бейжіңге құпия сапармен барып, Қытай басшысымен өткізген кездесуінен кейін 40 күн өтіп, тағы бір рет Қытайға құпия сапармен барды. 7 мамырдағы бұл кездесу Қытайдың солтүстік шығыс жағалауындағы Далиян жерінде болды.  Қытайлық ресми БАҚ-тың мәліметінше, Ким Жоң Ун бұл реткі екі күндік сапарында да ядролық қарусыздану туралы уәдесін қайталаған.

Қытайдың «Шинхуа» ресми ақпарат агенттігінің хабарында Ким Жоң Унның: «Корей түбегінің ядролық қарусыздану ісінде  КХДР өз майданында айқын әрі табанды болады. Тек, кейбір тараптар өздерінің дұшпандық саясаты мен қауіп-қатерлерін жойғанда ғана, Солтүстік Корея ядролық қаруды қажет етпейді», – деген сөзін таратты.

Қалай болса да, Ким Жоң Унның 6 апта ішінде Қытай басшысымен екі рет кездесуі сырт көзді таңқалдырды. Кейбір сарапшылар, бұл ядролық қарусыздану туралы ауқымды келіссөздің болатынын білдіреді.

АҚШ лауазымдыларының көзқарасы

Буш пен Обама  тұсында АҚШ Қарулы күштері Штаб бастықтарының төрағасы Майк Муллен (Mike Mullen) пайымдауынша, Ши мен Ким бір-бірін ұната бермейді. Бірақ, Трамппен кездесуінің алдында Ким Жоң Ун Қытай басшысымен тағы бір мәрте кеңес өткізуі, Қытайдың Солтүстік Кореяға болған ықпалын көрсетеді.

Майк Муллен осы аптаның басында Жон Хопкинс Университетінің Халықаралық қатынастар институтында өткен кездесуде: «Мен жөнінен айтқанда, бұл сигналдың бір бөлегі ғана. Айтпағы – ұмытпаңыздар, біз осындамыз», – деген.

АҚШ-тың бұрынғы әскери лауазымдыларының пікірінше, Қытай лауазымдылары бұрынғыдай емес Солтүстік Кореяға болған ықпалының шектеулерге ұшырағанына қарамастан, Қытай тарабы экономика арқылы Солтүстік Кореяны шеңгелдеп тұра алады, сол арқылы КХДР-ға үлкен әсер ете алады деп қарайды немесе осыны жасауға тырысады.

Сарапшылар: Трамп-Ким келіссөзінде жаңа қиындықтар тууы мүмкін

Уашингтондағы (Вашингтон) Ұлттық зерттеу орталығының қорғаныс жөніндегі директоры Харри Казианис (Harry J. Kazianis) VOA NEWS тілшілеріне берген сұқбатында: «Біз кездесуде не айтылғанын білмейміз, бірақ, Солтүстік Корея мен Қытай басшыларының арасындағы соңғы барыс-келіс күмән туғызады. Трамп-Ким кездесуінің уақыты мен орны туралы мәліметтің әлі де таратылмай отырғанын ескерсек, біз президент Трамп айтқандай «келіссөзден емес, қазіргі болып жатқан істерден алаңдауымыз керек» секілді. Меніңше, Трамп-Ким келіссөзінде талқыланатын мәселелерде белгілі қиындықтар туындауы мүмкін», – деді.

Аталған орталықтың сарапшыларының айтуынша, келіссөз тым жоғары деңгейде болатыны анық. Әрі, тараптардың мәмілелерін ортақтастыру тым ұзақ процесті талап етеді. Келіссөзде тараптардың өздерін «жеңімпаз» ретінде сезінуі үшін жасалатын теңестіру жұмыстары да оңай болмайды.

Ал Қытай мен Солтүстік Корея басшыларының соңғы кездесуінде не айтылғаны туралы болжам жасаған Харри Казианис: «Менше ол екеуі Трамп-Ким арасындағы келіссөзде Солтүстік Корея қандай қауіпсіздік келісіміне қол жеткізуі керек және миллиардтаған доллар көлеміндегі көмек қаражатын талап ету секілді істерді кеңескен болуы мүмкін», – деді.

Қытайлық сарапшылар: Ким Жоң Ун санкцияны жеңілдетуді сұрады

Кейбір қытайлық сарапшылар, Ким Жоң Ун Далиян сапарында Қытайдан кейбір санкцияларды жеңілдетуге жағдай жасауды сұрады деп қарайды. Алайда, Ақ үй мәлімдемесіне сәйкес, Қытай басшысы Ким Жоң Унмен болған соңғы кездесуінен кейін президент Трампқа қоңырау шалған. Ал, осы сөйлесу кезінде Қытай басшысы Солтүстік Кореядағы ядролық бағдарлама мен зымыран құрлығылары жойылғанша, санкцияларды жалғастыруға келісім берген.

Помпеоның Солтүстік Корея сапары  

Корей түбегі мәселесін ұзақ уақыттан бері бақылап отырған сарапшылар, Ким Жоң Унның күтпеген жерден Қытайға құпия сапармен баруы Помпеоның Солтүстік Кореяға жасаған сапарына байланысты деп қарайды.

Трамп 8 мамыр түстен кейін, Ақ үйде Иран ядролық келісімінен бас тартатыны туралы шешімін жариялады. Сонымен бірге АҚШ мемлекеттік хатшысының Пиоңяңға сапарлайтыны белгілі болды. Ең қызығы, бұл кезде Помпео Солтүстік Корея жетіп болған және Трамп мәлімдемесінен бір сағаттан кейін Ким Жоң Унмен кездесті. Помпео сапарында Трамп-Ким келіссөзі туралы дайындық мәселесі талқыланады делінген. Алайда, Помпео Солтүстік Кореяда қамалған америкалықтарды босату ісі туралы да кеңескені белгілі болған.

Трамппен келіссөзі сәтсіз болса, Ким Жоң Ун Қытайға арқа сүйемек

Қытай мен Солтүстік Корея басшыларының қайталай кездесуімен қатар, Қытайдың премьер-министрі Ли Кычяң (Li Keqiang) Токиоға іс-сапармен барып, Оңтүстік Корея және Жапония басшыларымен саммит өткізді. Бұл саммитте де Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздану мәселесі сөз болды.

Сонымен, Солтүстік Корея басышысының күтпеген жерден Ши Жинпиңге кездесуі тараптардың назарын аударды. АҚШ үшін бұл келіссөздің қиындай түсетінін аңғартты. Себебі, Ши пен Ким арасындағы келісімдер сыртқы әлемге беймәлім. Ал, Ким Жоң Ун болса Қытаймен болған байланысының қалыптан тыс екенін көрсетіп, АҚШ-ты келіссөздегі позициясын жұмсатуды көздегені анық. Айталық, келіссөз нәтижесі КХДР-ға ұнамай жатса, осыған дейін жасаған бейбітшілік процестерін қайрып қойып, Қытайдың қорғауына арқа сүйеп, қайшылықты қайта жандандыруы да мүмкін.

АҚШ Мемлекеттік департаментінде, Конгресс пен Қаржы министрлігінде қызмет атқарған Энтони Руггиеро (Anthony Ruggiero) Твиттер парақшасында: «Егер Трамппен өтетін келіссөз сәтсіз болса, Ким Жоң Ун Ши Жинпиңнің қорғауын қалайды. Алайда, Ким Жоң Унның ядролық қарусыздану туралы берген уәдесі жалған болса, өз банктерінің санкцияға ұшырайтынын Ши Жинпиң де біледі», – деп жазды.

“The Qazaq Times”