Литва мемлекетінің тіл комиссиясы Грузияны "Сакартвело" деп атауға шешім шығарды. Бұл туралы vesti.ru хабарлайды.

Аталған шешімді қабылдамас бұрын Литва тіл комиссиясы бір ай бойы Грузия елшілігімен бірге кеңесу шараларын жүргізген. Ал мұндай шешімді грузиялық тіл мамандары ұсынған.

Комиссия "Сакартвело" атауынан бөлек, грузин халқын "картвел" , ал Грузия тұрғындарын "сакартвелдер" деп атаулары да мүмкін екенін мәлімдеді.

Грузин елшілігі «бұл қадамның Грузия мен Литва ынтымақтастығының нығаюы тұрғысынан өте маңызды екенін» жариялады. «Бұл — Грузияның тәуелсіздігі мен Бірінші Демократиялық Республиканың құрылуына жүз жыл толуына орай Литва Республикасы тарапынан жасалған бірегей қадам» , - деп мәлімдеді Грузия елшілігі. Айта кету керек, Грузия бүгінге дейін ел атауын басқаша атауды қайта-қайта талап етіп келген еді.

“The Qazaq Times”