Тайуан (Тайвань) мен АҚШ арасындағы бейресми қарым-қатынастың күшеюі ресми дипломатиялық қатынаста Қытайдың қысымын арттыра түсті. Дегенмен, кейбір сарапшылар Тайуан АҚШ-пен қарым-қатынастарды бұзылса Қытай мен АҚШ арасында да бірқатар қиындықтарды тудырады деп қарайды. Бұл туралы VOA NEWS агенттігінің ресми сайтында хабарланды.

Тайуанмен 77 жыл бойы дипломатиялық қарым-қатынасты сақтап келген Доминикан елінің «Үлкен Қытай» саясатын мойындауы, Тайбей үкіметін ресми түрде мойындайтын елдердің санын 19-ға дейін азайтты. Бұл 2016 жылдан бері Тайуанмен дипломатиялық қарым-қатынасын үзген үшінші ел.

Қытай үкіметі Тайуанды Қытай территориясының бір бөлігі деп қарайды және ресми Бейжің билігі өзге елдердің Тайуанмен жеке дипломатиялық қатынас орнатуына шектеу қояды. Әрі Бейжің билігі екі жағалаудың бір орталыққа бағынуын үміт етеді. Алайда, Тайуан аралындағы тұрғындарға жүргізілген сауалнама нәтижесі, тайуандықтардың автономиялық дербестігін сақтауды қалайтынын көрсетті. Тайуандағы биліктегі демократиялық прогрессивті партия Бейжіңнің бір орталыққа бағыну туралы тұжырымдамасын қабылдамайды. Тайуан үкіметінің мәлімдеуінше Бейжің тарабы Тайбейдің дипломатиялық билігін алу үшін көлемді қаржы сарып етіп келеді.

Жақында АҚШ Конгресі заң қабылдап, Құрама Штаттың жоғары лауазымдыларына Тайуанға сапарлай баруына жол ашты. Ал, АҚШ үкіметі субмарин (сүңгуір қайық) технологиясын сатуға келісім берген. Оның үстіне Трамп Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші лауазымына тағайындаған Болтон Тайуанның сенімді жақтаушысы. Сарапшылар Болтон осы жылы Тайуан мен АҚШ қарым-қатынасын тіпті де жақындатады деп күтуде.

Тайбейдегі (Тайпей/Taibei) Yuanda Baohua кешенді экономика институтының аға зерттеушісі, жоғары саяси мәселелер жөніндегі сарапшысы Гранияна Жуң (Gratiana Jung) сөзінде: «Тайуанмен ресми дипломатиялық қарым-қатынас орнататын елдердің саны азайып келеді. Алайда, Құрама Штатқа толығымен сенім арта отырып, тәуекел ететін қадамдар да бар», – деген.

Құрама Штат болса ресми дипломатиялық қатынаста Бейжің билігін мойындайды. Бірақ, Тайуанмен ресми байланыстарды үзбей келеді. Тіпті, АҚШ-тың Тайуанмен болған қатынасы, Жапония, Филиппин секілді әскери одақтастарымен болған байланыстарымен бірдей.

Доминикан Тайуанмен дипломатиялық байланыстан бет бұрғаннан кейін, АҚШ Мемлекеттік департаменті мәлімдеме жасап, Қытайды жүйелі келіссөздер жүргізуге, өңірлік тұрақсыздыққа әкеліп соғатын қаламдар жасамауға шақырды.

Американдық ғылыми-зерттеу орталығының Шығыс-Азия бағдарламасының аға ғылыми қызметкері Сунь Юн бұл туралы: «Егер Бейжің билігі АҚШ пен Тайуанның байланыстарын ресми түрде бұзса, онда АҚШ-тың Қытайға қаратқан саясатының бүтіндей өзгеруіне әкеліп соғады. Яғни, Қытайдың АҚШ-тағы мәртебесі төмендейді. Сонымен бірге, бейресми жақтаушы ретінде, Құрама Штат Тайуанмен ресми дипломатия орнатқан елдер секілді оның халықаралық аренада тәуелсіздік алуына қолдау көрсете алмайды», – деді.

“The Qazaq Times”