Бүгін доллар 330 теңгеге жетті. Қазақстан Қор биржасының таңғы сессиясында АҚШ валютасы бірден 3 теңгеге қымбаттады. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев теңге құнының құлдырауына Ресей рубльінің әлсіреуі түрткі болды деді. Осы тұста, төл ақшаның алдағы тағдырына алаңдап жатқан адам көп. Сондықтан біз сала мамандарының пікірін білуді жөн көрдік. 

"Теңге әлі де әлсірей бере ме, әлде бұл - уақытша құбылыс па?" деген мәселеге белгілі экономист Мақсат Халық болжам жасап көрді. 

- Доллар тағы қымбаттай бастады. Теңгенің төмендеуіне не түрткі?

- Теңгенің күрт құнсыздануын тағы байқап отырмыз. Негізгі себебі - АҚШ мұнай нарығында қара алтын көлемін арттырды. Олар енді тәулігіне 10 млн 264 мың баррель мұнай өндіретін болды. Мұхиттың арғы бетіндегі алып елдің бұл шешімі - мұнай шығаратын мемлекеттерге салқынын тигізгені сөзсіз. Өйткені, сұраныс азайып, қара алтын құны бірте төмендей бастады. Тиісінше, әлгі елдердің валютасы да біршама әлсіреді.

- Сонда, әлемдік нарықтағы мұнай бағасы әлі де шатқаяқтап тұр деуге болады ғой?

- Иә, олай айтуға толық негіз бар. АҚШ - ОПЕК елдеріне мүше емес. Олар мұнай нарығында дербес саясат жүргізеді. Ешкімге бағынбайды. Егер мұнай бағасы төмендей беретін болса, онда теңге де әлсіреуі мүмкін. Соңғы 2 жылды талдап қарасақ, "жылдың алғашқы жартысында теңге күшті, соңғы жартысында доллар күшті" деген тенденцияны байқауға болады. Қайткенімен, билік теңгенің қатты құлдырап кетуіне жол бермейтін сияқты. Өйткені, соңғы 2 жылда біздің елдегі инфляция деңгейіне қарамастан, теңге құны шыңырау түбіне түскен жоқ. Мемлекет ақша бағамын еркін айналымға жібергенімен, өзіндік саясатын жүргізеді.

- Ал, Ресейге салынып жатқан түрлі санкциялар төл валютамызға қалай әсер етуі мүмкін? Теңге әлсізденіп кетсе, Ұлттық банк қандай шара қолдана алады?

- Шынында, Ресейге қарсы санкциялар үдей түсті. Әлемдегі ресейлік инвесторлар бұл шектеулерден біраз қаражатынан айырылды. Біздің елде де біраз әңгімелер желдей есті. Мәселен, ЭКСПО халықаралық көрмесінен кейін, доллар бірден қымбаттап, теңге тіпті әлсіреп кетуі мүмкін екен деген қауіп болды. Көрме бітісімен, доллар күш ала бастады. Бірақ айтарлықтай қымбаттаған жоқ. Өйткені, ол мәселеге Ұлттық Банк араласып үлгерді. Олар теңге бағамын еркін айналымға жібергенімен, бізге көрінбейтін шектік дәлізді ұстап тұрды. Негізі, еркін айналым саясатын ұстанған елдерде мұндай әдіс қолданылмауы керек. Әйтсе де, Ұлттық Банк сақтанып отыр. Меніңше, теңге тағы әлсірей бастаса, қаржы реттеуші тап осындай саясатты ұстануы мүмкін.

“The Qazaq Times”