Қазақстанда бала туғанда берілетін жәрдемақы азайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова әлеуметтік салаға бөлінетін шығыстардың 5 млрд 720 млн теңгеге қысқарғанын мәлімдеді. Ведомствоның мұндай шешім қабылдауына - елімізде былтырғы жылы бала туу көрсеткішінің күрт төмендеп кеткені түрткі болыпты-мыс.

Министр айтқан дерекке сенсек, 2017 жылы халық саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 19 мың адамға кеміген. Бала туу көрсеткіші 6,2 пайызға азайыпты. Сәбилер саны сиреді деп, төлемдерді сап тыйған ведомство - қазына қаражатын осылай үнемдеуді құп көрсе керек. Олар, тіпті, 2020 жылға дейін Қазақстанда бала саны айтарлықтай көбеймейді деген болжам да жасап қойған.

Осы тұста, іргелес елдердің демографиялық ахуалды жақсарту үшін ана мен балаға берілетін төлемдерді жаппай көбейтіп жатқанын айтқан жөн. Мәселен, Ресейде «Ана капиталы» деген бағдарлама арқылы босанған әйелдер мемлекеттен 453 026 рубль алады екен. Ол шамамен 8000 долларға жуықтайды. Осылайша, көрші елдер халық санын арттыруға талпынып жатқанда, біздің билік бала санын көбейтпеудің амалын ойлап жатқандай.

“The Qazaq Times”