Кеше Талдықорған қаласында жас әдебиетшілердің «Жетісу көктемі» форумы облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен, Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып өткізілді, -деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Форум барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде өткізілген «Мәңгілік елдің мұраты» атты облыстық байқаудың жеңімпаздары марапатталып, жеңімпаздарға «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі тапсырылды. «Рух» байқауының қорытындысы бойынша жарыққа шыққан кітаптардың тұсауы кесілді. Осы басқосуда Жазушылар одағына мүшелікке бір топ қаламгер салтанатты жағдайда қабылданды.

Форум «Рух» бәйгесінің қорытындысы бойынша жарық көрген кітаптардың тұсаукесерімен жалғасты.

Поэзия жанры бойынша І орын «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің жүлдегері, мемлекеттік грант иегері Сағыныш Намазшамова иеленсе, прозада І орын жас жазушы, «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері Қанат Әбілқайырға берілді. Қос жеңімпазға облыс әкімінің «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесі, ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Поэзия бойынша ІІ орынды Ерлан Жүніс пен Аршын Нұрбақыт, ІІІ орынды Қозыбай Құрман мен Мұхтар Күмісбек иеленді.

Проза жанрында ІІ орынды Есболат Айдабосын және Гүлжан Амангелдіқызы, ІІІ орынды Асхат Өмірбай мен Данагүл Берекет алды. Жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлықтар мен дипломдар берілді.

Осы жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет одақ мүшелігінің қатарына қабылданған жастарға салтанатты жағдайда куәлік тапсырды. Мүшелікке қабылданған арасында Алматы, Атырау облыстарының, Астана және Алматы қалаларының жастары бар.

“The Qazaq Times”