Қазақстанда билік тарнзиті енді басталып жатса, Өзбекстанда ол өз мәресіне жетті. Ташкент маңындағы кландар тартысы аяқталып, билік бір адамның қолына өтті.

2016 жылдың 2 қыркүйегінде Өзбекстанды 26 жыл басқарған Ислам Кәрімовтың қайтыс болуынан кейін ресми Ташкент маңында билік үшін клан аралық тартыс басталған. Бір қарағанға Шавкат Мирзиеев билік басына бейбіт жолмен, өзара келісім арқылы келгендей болып көрінгенімен шын мәнінде ол олай болмай шықты. 2016 жылы басталған билік үшін талас 2018 жылдың наурыз айында бірақ аяқталды. Бас-аяғы екі жылда Шавкат Мирзиеев Ташкент маңайын өзінің саяси бәсекелестерінен толығымен тазалап шықты.

Ислам Кәрімов көз жұмғаннан кейін Шавкат Мирзиеев бастаған Самарқант кланы, Рустам Иноятов бастаған ҰҚК кланы және Рустам Азимов бастаған Ташкент кландары өзіне қолдау көрсететін одақтас іздей бастады. Сарапшы, Усман Хақназаровтың сөзінше, экс-вице-премьер Рустам Азимов Кәрімов инсульт алған күннің ертеңінде АҚШ-тың Өзбекстандағы өкілетті елшісі Памело Спратленмен құпия жағдайда кездесіп, билік басына келуге көмек көрсетуін сұраған. Бірақ оның алдын Шавкат Мирзиеев бастаған Самарқант кланы орап кеткен. Рустам Азимов ұзаққа бармай қолдауды Ташкент маңындағы АҚШ елшілігінен іздесе, Шавкат Мирзиеев ресейлік олигарх Алишер Усмановтың көмегімен бірден Кремльге жол тартқан. Ұзын құлақтардың айтуынша, Шавкат Мирзиеев бастаған Өзбекстан жоғары билік элитасы 2016 жылдың 30 тамызында (Ислам Кәрімовтың инсульт алғанына екі күн болғанда) Тузель әуе базасында Владимир Путинмен кездескен. Кездесу барысында ҰҚК басшысы Рустам Иноятовтан басқа жоғары билік өкілдерінің барлығы билікті Шавкат Мирзиеевқа беруге қарсылық білдірмеген. Тек Иноятов қана Кәрімовтың орнында өзінің орынбасары Шухрат  Гулямовты көргісі келетінін айтқан. Бірақ Ресей президенті Иноятовтың бұл сөзімен келіспеген. Ол Иноятовқа: «Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның да, Қырғызстан басшысы Алмазбек Атамбаевтың да Гулямовпен жұмыс істегісі келмейтіндігін айтып,  Шавкат Мирзиеев билік балансын сақтауға лайықты адам» - деген. Әрине бұның барлығын «қаңқу сөздер» - деп елемеуге болады. Алайда соңғы екі жылда Ташкент маңында болған оқиғалардың барлығы аталмыш жағдайдың шындыққа әлде қайда жақын екендігіне меңзейді.

Шавкат Мирзиеев билік басына келе салған бетте ең бірінші болып Ислам Кәрімов отбасымен айналысты. Оның «тазалау машинасына» алғашқылардың бірі болып Ислам Кәрімовтың үлкен қызы Гүлнара Кәрімова ілінді. Айналдырған бір жыл ішінде Гүлнара Кәрімованың үстінен екі бірдей қылмыстық іс қозғалып, бір уақытта бұрын соңды қалың жұртшылыққа белгісіз болып келген 12 елдегі жалпы көлемі 1,5 миллиард долларды құрайтын жылжымайтын мүлкі мен банк шоттары бар екендігі анықталды. Ақыр соңында бес жылға бас бостандығынан айырылды делінген Гүлнара Кәрімова тірі не өлі екендігі белгісіз күйге жетті. Гүлнара Кәрімовадан кейінгі кезек Ислам Кәрімовтың кіші қызы Лола Кәрімова-Тилляеваға келді. Лола Кәрімова әкесінің өлімінен кейін Өзбекстан гимнастика федерациясы төрағалығынан, ЮНЕСКО-дағы Өзбекстан өкілі қызметінен алынып тасталып, Ташкент қаласы орталығындағы «Абу-Сахий» базарынан айырылды. Лола Кәрімованың күйеуі Тимур Тиллияевқа тиесілі «Абу-Сахий»  базары Шавкат Мирзиеевтың күйеубаласы Отабек Шахановтың иелігіне өтті. Бір сөзбен айтқанда Шавкат Мирзиеев Ислам Кәрімовтың отбасын толықтай билікке араласу мүмкіндігінен айырды.

Кәрімов отбасынан кейінгі кезек ҰҚК басшысы Рустам Иноятовтың кланына келді. Бұл жерде ішкі істер министрі Адхам Ахмедовтан бастап, бас прокурор Рашид Кадыровқа дейінгі аралықтағы лауазымды тұлғалардың барлығы қамауға алынып, үстілерінін қылмыстық іс қозғалды. Бұлардан бөлек Рустам Иноятовтың орынбасарлары Шухрат Гулямов қамауға алынып, ҰҚК генералдары Шухрат Ташбулатов пен Хает Шарифходжаев, Кеден комитетенің басшысы Муийджон Тахири мен ҰҚК-ға қарасты шекара күзеті комитетінің төрағасы генерал-майор Ровшан Шамшиев зейнет демалысына жіберілді. Ақыр соңында 2018 жылдың наурыз айында 1995 жылдан бері Ұлттық қауіпсіздік комитетінде ойына не келсе соны істеп келген Рустам Иноятовтың өзі қызметінен кетті. Бірақ оның үстінен ешкім, ешқандай қылмыстық іс қозғаған жоқ. Керсінше, Шавкат Мирзиеев Иноятовты өзінің кеңесшісі етіп тағайындады. Бірақ сарапшылар пікірінше, бұл Шавкат Мирзиеев тарапынан жасалып отырған саяси ойын ғана. Мирзиеев Иноятовты кеңесшісі етіп тағайындау арқылы өз бақылауында ұстауда. Рустам Иноятов пен Ташкент кланының жеңілуі Өзбекстандағы билік транзитінің аяқталуы және биліктің кезекті рет бір адамның қолына өтуі.

“The Qazaq Times”