Кеше сайтымызда Алатау дәстүрлі өнер театрында Алтай-Тарбағатай өңірінің музыкалық кеші өткенін хабарлаған едік. Концерт соңында танымал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалиды Алтай-Тарбағатай ән мектебінің ерекшеліктері, қазақ музыка өнеріндегі орны туралы аз әңгімеге тартқан болатынбыз. Әнші Шығыс ән мектебінің сыры мен сипаты туралы ойларымен бөлісті.

Ерлан аға, қазақ музыка өнерінің дара мектебі ретінде соңғы кездері ғана насихатталып жүрген, Алтай-Тарбағатай ән мектебінің қазақтың өзге музыкалық мектептерінен өзгеше бөгенайы туралы не айтар едіңіз?

 Шын мәнісінде, Алтай-Тарбағатай ән мектебі – қазақтың классикалық ұлттық өнерінің ішіндегі ең көне мектеп. Кеңес Одағы тұсында ұлттық өнерімізге дұрыстап ден қойылмағаны белгілі. Зерттеушілер болғанымен, түгелдей қамтыған жоқ. Сол кездегі музыкатанушы, зерттеушілер танымал болған Арқа және Батыс ән мектебін біршама ғылыми зерттеп таныды. Ал, Сыр жыршылық мектебі, Жетісу, Алтай-Тарбағатай ән мектебі нағыз Қазақстан тәуелсіздігінің жемісі деуге болады. Себебі, одан бұрын бұл мәселелер бірлі-жарлы мақалаларға ғана тиек болғаны болмаса, ашылып айтылмады. Ал ресми жолға қойылып, ЖОО-ның бағдарламаларына енуі тәуелсіздіктен кейін ғана қолға алынды.

Жалпы, бұл мектептің көне болатын себебі, оның сарыны ескі. Өзіңіз кеш барысынан байқаған боларсыз, кереметтей бір алып бара жатқан диапазон жоқ. Бұл да осы әндерді тудырған ортаның табиғатына байланысты. Алтай мен Арқаның жер түзілісі мен табиғаты екі өңірдің әндеріне анық мысал болады. Алтай таулы аймақ болғасын да, дауыс бір шыңнан шықса, екінші шың ұстап қалуы мүмкін. Ал Сары-Арқа жазық қой, бір айғайласаң Арқаның батысынан шығысына дауысыңды жел алып кетіп жатады. Міне, осындай табиғи себептер әр өңір әндеріне өзіндік ерекшелік берген. Алтай-Тарбағатай әндерінің негізгі ерекшелігі: ғылыми тілде пентатоникалық дыбыс деп атайды. Бес ноталық дыбыстың айналасында құбылтып шырқалады. Пентатоникалық жүйеге құрылған Алтайдың әніне тән тағы бір ерекшелік бар. Ол болса – жай құлаққа шалына бермейтін, орындаушының өзі ғана сезетін иірімі. Бұны екінің бірі емес, нағыз халық аузында айтылатын «жер астындағыны еститін» адам ғана таба біледі деп айтуға болады. Осы иірімдерді толық таба білген орындаушы ғана халықтың жүрегіне жол табады.

– Алтай-Тарбағатай дәстүрлі әндерінің құрылымында да өзіндік даралық бар ма?

– Құрылымындағы ерекшелікке келетін болсақ, бұл өңірдегі әндердің көбі негізгі шумақтағы әуен бір қалыпты болып келеді де, бар көңіл-күй қайырмадағы сазға жиналады. Мысал ретінде менің осы концертте орындаған Құмарбектің «Қайран Алтай-Марқакөл» әнін алып қарауға болады. Ән шумағының әуені бір келкі жүріп келеді де, қайырмаға келгенде тыңнан басқа әуен туады. Ән иесінің бар зар-мұңын, өксігін қайырмаға сыйдыруға күш салғаны көрінеді.

Арқа әндерінде шұғыл иірімдер көбірек кездеседі. Дауысты қиып тастап немесе шарықтап тұрып бірден түсіп кететін бояулары бар. Ал Шығыстық ән мектебінде дауыс сатылап қана көтеріліп отырады. Халық әндері классикалық деңгейге көтерілмей тұрған кездегі жалпылама айтыла беретін сыңсу, беташар, жоқтау - бұларды тұрмыс-салт жырлары деп атаймыз. Ал, осы тұрмыс-салт жырлары бір саты жоғары көтерілгенде, Алтай-Тарбағатай, Жетісу әндерінің деңгейіне жетеді.  Демек, түп-тамырынан ажырамаған қалпы, тыңнан түрен салған қазақ музыка өнерінің терең бір саласы деуге болады.

– Олай болса, Ерлан аға, осы ән мектебінің бүгінгі жолға қойылуы, жаңғыртылуы қай деңгейде ?

– Қазір көпшілік аудиторияға жете бермеген Алтай-Тарбағатай ән мектебінің туындылары жекелеген авторлар арқылытыңдаушы қауымға ұсынылып жатыр. Бүгінгі концерттің өзінде ел естімеген екі-үш әннің тұсауы кесілді. Өз репертуарымда да 10-15 шақты ән бар, әлі жұрт ести қоймаған. Мана да әнші Талғат Әбуғазы ақын Абаш Какеннің жеткізуімен «Жігіттер ән салыңдар» атты әнді ұсынды.

Жалпы, бұл мектеп қазір ғылыми жүйеге түсіп қалды. Ендігі таңда ғылыми жоспары – мектептерде, ЖОО-да жүйеге келтірілуі керек. Мысалы, бірінші курста, екінші курста қандай сабақтармен өтілуі керек деген секілді. Осы бағытта да әзірге дейін, біраз жұмыстар істеліп жатыр. Бағдарламаға енгені рас десе де, жүйеге түсірілмей болмайды.  Енді бұл – ғалымдардың, арнайы музыкатанушылардың еншісіндегі жұмыс.

Құдай қаласа, Атырауда наурыздың 15-17 аралығында үлкен конкурс өтейін деп жатыр. Конкурстың ерекшелігі: қазақ музыка өнеріндегі белгілі бес мектептің бесеуінде қамтығалы отыр. Қатысушыға қойылатын талап – осы бес мектептің өнер туындыларынан ән орындауы шарт. Бұл да болса біздің еліміздің өнерінің дамып, белгілі деңгейге көтеріліп келе жатқанын айғақтайды. Осындай шаралардың көбейіп, халыққа өзі тудырған әндердің көбірек нәсихатталуына үміткерміз.

– Ерлан аға, әңгімеңізге көп рахмет, әніңіз әуелей берсін!

Әңгімелескен: Естай БОЖАН

“The Qazaq Times”