Зейнетақы қоры өткен жылы құнды қағаздар нарығында берешекке белшесінен батқан біраз компаниядан қарыздарын өндіре бастады. 2014 жылы қорда ұзын-ырғасы 32 проблемалық эмитент болса, қазір олардың 20-сы ғана қалған. Бұл туралы зейнетақы қорының баспасөз қызметі хабарлады.  

Зейнетақы активтері бойынша қайтарылған қарыз көлемі 1,25 млрд теңгеге жуықтайды. Қор басшылығы жүйелі жұмысты биыл да жалғастыруды жоспарлап отыр. Олар міндеттерін орындамай отырған ірі компаниялардың 5 лауазымды қызметкерін сотқа берген екен. Қазір осы іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

Шынтуайтында, проблемалық эмитенттерден берешек өндіру - оңай емес. Дені компанияларын "банкрот" деп жариялап, қарыздан сытылып кетудің жолын іздейді. Мәселен, былтыр зейнетақы қоры «Қазақстан Қағазы» компаниялар тобының бұрынғы акционерлері мен директорларының үстінен құзырлы орындарға шағымданған екен. Лондонның жоғарғы соты арызданушы тараптың шағымын қанағаттандырыпты. Алайда күдікке ілінгендер ірі компания банкротқа ұшырады деп, жауаптан жалтарып кетуі бек мүмкін.

Қазір зейнетақы қорының инвестициялық портфелінде 20 проблемалық эмитент бар. Олардың қор алдындағы жалпы берешек көлемі - 41,15 млрд теңге.

“The Qazaq Times”