Өткен аптаның соңында Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын/ Kim Jong Un) мәлімдеме жасап, КХДР-ның құрлықаралық баллистикалық зымыран сынақтарын тоқтатып, елдің солтүстігіндегі ядролық полигонды жабатынын жария еткен еді. КХДР басшысы мұндай сынақтардың енді Солтүстік Кореяға керегі қалмағанын, бірақ ядролық қаруды жасап болғанын айтқан.

Солтүстік Кореяның ресми БАҚ-ы: «Сынақтардың тоқтатылуы – Корей түбегінің қауіпсіздігі және экономикалық даму үшін», – деп жазды. Оңтүстік Кореяның «Ионхап» агенттігі бұл мәлімдеменің КХДР Жұмысшылар партиясының жиналысында жарияланғанын атап өтті.

Аталған баяндамада, егер қауіп-қатер болмаса Солтүстік Корея ядролық қаруды мүлде қолданбайтыны айтылған. Бұған қоса, қандай шарт болса да ядролық қаруды сыртқа шығармайтыны туралы да мәлімдеген.

Бұл туралы Құрама Штат президенті Трамп өзінің «Твиттер» парақшасына: «Бұл Солтүстік Корея және дүниежүзі үшін үлкен прогресс. Мен біздің кездесуді тағатсыздана күтемін», – деп жазды. Естеріңізде болса наурыз айында Трамп күтпеген жерден Солтүстік Корея басшысының кездесу туралы ұсынысын қабыл алған еді. Бұл осыған дейін Құрама Штат президенттерінің бірде бірі жасамаған қадам болатын. Дегенмен, кездесудің нақты уақыты әлі де анық болмай келеді. Трамп алғашқы сөздерінде бірінде «маусымның бас шенінде болуы мүмкін» деген мәлімет тараған. Кейін мамыр айында болатыны туралы айтылды.

Хабарларға қарағанда, келіссөзге дайындық мақсатында Солтүстік Кореяға АҚШ Орталық Барлау Агенттігінің жетекшісі Майк Помпео барып қайтқан.

Солтүстік Корея әлемнен оқшауланып қалған елдердің бірі. Қазірге дейін алты рет ядролық сынақ жасаған. Оның сыртында көп рет құрлықаралық баллистикалық зымыран сынақтарын жасады. Былтыр Солтүстік Корея құрлық аралық баллистикалық зымыран жасауда жоғары нәтиже көрсетіп, өздерінің ядролық қару тасығыш зымырандарының Құрама Штаттың кез-келген қаласына жеткізе алатынын көрсетті. Бұл жетістігі АҚШ-ты және әлем елдерін ядролы соғыс қауіпімен алаңдатқан еді.

Бірақ, биыл жыл басынан бері КХДР басшысы өзінің сыртқы саясатын өзгертіп, ядролық және зымыран сынақтарын тоқтатып, Оңтүстік Корея және оның одақтасы АҚШ-пен келіссөзге дайын екенін жеткізген болатын.

“The Qazaq Times”