Бүгін біз Брюссельде өткен "Жаңа Қазақстан" басқосуына байланысты форум мүшесі, саясаттанушы Дос Көшімнің пікірін жариялауды жөн көрдік. Естеріңізде болса, бұған дейін сайтымызға Брюссель бас қосуына қатысқан оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов пен саясаттанушы Айдос Сарымның пікірлерін жариялағанбыз.

Бүгінгі форум, менің ойымша, біраз адамға, менің өзіме де үлкен ой салды. «Қазақстан болашақта қандай болу керек?» деп, халықтың, азаматтар мен саясаткерлердің алдына сұрақ қою кезеңі келді. Жуық бес-алты жыл ішінде ағамыз кетеді деп ойламаймын. Ол кісі, денсаулық берсе, 10–20 жылдай, тіпті өле-өлгенше кетпейтіні айдан анық. Бірақ осы сұрақ арқылы қоғамды оятуға болады.

Форумның сапалық жағдайына келер болсақ, белгілі бір ұйымдық деңгейде кіруге дайынбыз, бірақ ең басты мәселе – бұған жастардың араласуы болып отыр. Бізде сондай адамдар бар ма? Қайдан табуға болады?Бұл – теориядан гөрі, таза практикалық жұмыс. Олар өте аз ба немесе олар қорқып отыр ма, халық қу тіршіліктің артында жүр ме?

Мынау іспен айналысатын уақытта олар да көріп отыр ғой: біреуі қуғындалып,енді біреуі жұмыссыз қалып,тағы да тартыншақтап жатқандары бар. Соларды оятып, қоғамдық өмірге араластыру – басты мәселе. Біз белгілі жағдайда кеңесшілік дәрежеде көмек беруге, егер біреу суырылып шығатын болса, мен оның «қолына су құюға» дайынмын. Төраға да, басқа да басшылық қызметте болмауымыз керек: сол жастардың атын жетектеп, алдыға шығару – мәселенің үлкені.

Транзит мәселесіне келетін болсақ, қоғам әлі өзінің шешімін айтқан жоқ. Біз орнына «ананы қоюы мүмкін», «мынаны әкелуі мүмкін» деп жүрміз. Шынында, қоғам өзінің күшін, осы мәселеге өзі қатысты екенін білмей отыр. Осы жұмысты бастайтын болсақ, алдымен қоғамды ояту керек. Содан кейін белгілі бір жолға салу –ол екінші этап.

Үлкен бір жақсы нәрсе бар, ол – әлеуметтік желі. Ол техникалық мүмкіндік беріп отыр. Бұрынғыдай газеттерге баспай қояды деген қауіп жоқ. Үкімет те әлеуметтік желімен соғыс бастайын деп отырған сияқты.Олар желі үлкен құрал екенін біліп отыр, міндетті түрде бұғаулауға дайын. Бұл бағыттағы жұмысқа толық араласуға өзім дайынмын,шамам келгенше көмек көрсетем. Одан біздің шешіліп қалатын шапанымыз жоқ, бизнесіміз жоқ. Сөйлейтін аузымыз, жазатын қолымыз бар.

Соңғы уақытта қандай да бір жағдай туындаса, «қазақ мәселесі» шығады. «Таза, әділетті сайлау болуы керек» десеңіз: «Ойбай, анау жерде трамвайшы қазақша сұрасам, орысша сөйлейді» деп шығады. Біз де ұлттық мәселені шешпей, халық басын бұрмайды. «Халықтың мәселесі шешілмей жатып, сендер демократия институттары мәселесін айтасыңдар», – деп шыға келеді. Осыған көздерін жеткізу керек сияқты: әділетті қоғам құрылған уақытта қазақтың мәселесі шешіледі деген сипатта.

 Қазақтың мәселесімен билік те міндетті түрде ойнайды. Билік: «Олардың құрайын деп жатқан демократиясы – билікке ұмтылыс мәселесі, біздің шешіп жатқанымыз – қазақтың, жердің, оралманның мәселесі» – деп, қазақ халқының бетін басқа жаққа бұрады. Біз осыған дайын болуымыз керек.

«Қазақстанның болашағы қандай болуы керек?» дегенде, «қазақ мәселесінің» шешілу жолдары міндетті түрде кіруі керек. Әр уақытта айтамыз:«Қазақстан – қазақтың жері мен мемлекеті» деп. Бірақ соның ішінде азаматтардың бәріне бірдей құқық, қазаққа ешқандай артықшылық берілмейді, жеңілдік жоқ, ол кәріс немесе ұйғыр бола ма, ұлтына қарамай, президент бола алады дейміз. Бірақ бұл– қазақтың жері, қазақтың тілі, қазақтың мемлекеті, осыны мойындаңдар деуіміз керек.

Сергей Дуванов та айтады: «Назови меня хоть казахом или казахстанцем, только не нарушай мои права», – деп. Осы мәселені жете түсіндірген жөн сияқты. Ұлттық мәселе көтерілген соң, 30 пайыз ұлт биліктің жағына шығып бара жатыр, бұл –тілдік мәселеге байланысты қоғамның екіге бөлінуі. Олардың қоғамға берген бағасы, көзқарастарының өзі екі түрлі болып кетті. Біздің оқитын газетіміз бен көретін теледидарымызды олар көрмейді, орыс тілділердің өзінің көретін, оқитын дүниесі бар. Көздеген мақсаты бар.

Әлі есімде, 2005 жылы орыс тіліндегі басылымдарда жарияланған оппозиция басшыларының рейтингінде бірінші орында Әкежан Қажыгелдин тұрды. Бірнеше күннен кейін «Жас Алаш» газетіндегі қазақ тіліндегі рейтингте сегізінші орында тұр. Қызық. Бір жерде өмір сүріп, орыс тіліндегі көзқарас пен қазақ тіліндегі көзқарас екеуі екі бөлек. Сондықтан «Қазақстан болашағы қандай болуы керек?» дегенде, отыз пайыз басқа ұлт өкіліне: «Біздің жасап жатқанымыздың сіздерге ешқандай қарсылығы жоқ, бұл – жалпы мәселе», – деп түсіндіруіміз керек. Ұлттық мәселені кез келген билік өзіне тартады, ойнайды.

Өзім ақшасы бар адамдар осы мәселеге оң көзқарасымен қарайды дегенге сенбеймін. Қатып қалған менталитетіміз сол – ақшасы көп болса, ол анау жақтың адамы деп шыға келеміз. 1996 жылы оппозицияны биліктен іздедік. Біраз адам ақпарат берді:«Ертең жағдай өзгерсе, кетеміз, ұшағымыз дайын тұр» дегендер болды. Біз оларды ақша алу үшін іздемеген едік, тек билік жақта оппозициялық адамдар бар ма – біздің тобымызға қосылатын деген ой болды.

Бірақ ақшасы бар адамға сенім жоқ. Осы биліктің арқасында байлығын жасады, ал Қазақстанды жақсартамыз деген ой – оларда жоқ сияқты. Кейбір саясаткерлердің, мәселен, парламентте отырғандардың ақылы кіріп, осыны түсінсе, қолдауы мүмкін.

Бірінші қадам – «Қазақстанның келешегі қандай болмақ?» деген, жақсы құжат дайындау. Сол арқылы қоғам оянуы керек, ел іздеп жүріп оқитын,жан-жақты қамтылған құжат болуы керек. Мен осы қоғамды өзгерту үшін ат салысуға әзірмін.

"DAT газеті"

“The Qazaq Times”