Соңғы жылдары спортқа кенедей жабысып, тіпті ажырамас бөлігіне айналған допинг дегеніміз не? Қайдан, қашан шыққан? Соңғы допинг-сынаманың нәтижесі қандай? Жүлделерін қайтармайтын спортшыларға қандай жаза қолданылады? Допинг пайдалану рейтингінде көш бастап тұрған кім? Осы сұрақтардың жауабын тауып, назарларыңызға ұсынып отырмыз...  

Допингтің спорт әлемінде пайда болғанына 1 ғасырдан асты

Допинг дегеніміз – ағылшынша «Dope» – есірткі, «Doping» – есірткі беру. Допинг деген нәрсенің спорт әлемінде пайда болғанына да бір ғасырдан асыпты.Оны алғаш рет АҚШ-тағы ат жарысына қатысушылар мен олардың жаттықтырушылары қолданған екен. Яғни, төзімділікті арттырып, делебені қоздыратын зат ойлап тапқандар оны аттың еті мен терісінің арасына егетін болған. Осының себебінен аса жоғары нәтиже көрсеткен бірнеше ат жарыс кезінде өліп кетіпті. Ал, әлем спорты допинг­пен 1960 жылы Римде өткен Олимпиада кезінде жақын «танысыпты». Олимпиада жарыстары кезінде допинг қолданып, биік нәтиже көрсеткен бірнеше спортшы бірі жарыс кезінде, енді бірі жарыстан соң өлген. Кейін олардың қанын тексергенде, адамның организмін қоздыратын зат бары анықталған.

Қазіргі таңда допингтің түрлері көп әрі жылдан-жылға қарқынды түрде өріс алып, спорт әлемін кеулеп барады. Допингке деген сұраныстың шектен тыс артуын қалт жібермей, оны үлкен бизнеске айналдырып отырған әккілер де баршылық. Ресми емес деректерге сүйенсек, допинг (тыйым салынған препараттар) айналымы наркотик айна­лымынан да асып түседі екен.

Осы кеселмен күресу үшін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) құрылған. Содан бері спортты химия мен зұлымдық­тан тазартып, спорттық жоғары жетістіктерге тек әділетті жолмен қол жеткізуді қалайтын, көксейтін қызу күрес жүргізіліп келеді.

Бүгінде допинг қолданғандары әш­кере болып, жеңіп алған медальдарынан айыры­лып жатқан спортшылар көп.

Фото: ТАСС

Ресейлік спортшылардың жүлделерін бергісі жоқ

Халықаралық Олимпиада Комитеті (ХОК)  Бейжің мен Лондондағы Олимпиада ойындарына қатысқан спортшыларға қайта допинг-сынақ жасады. Нәтижесінде, допинг анықталған Ресейлік спортшылардың ешбірі  медалдарін ХОК-қа бермеген.  Бұл туралы Ресейдегі Олимпиадалық комитеттің басшысы Александра Бриллиантова tass.ru агенттігіне хабарлады.

Халықаралық комитет 1243 сынама жасап, оның 98-і оң нәтиже берген. Яғни, Ресей құрамасында қазіргі уақытта Бейжің олимпиадасынан алған 13 және Лондон олимпиадасынан алған 5 жүлдесінен айырылып отыр. 25 қаңтар күні ХОК жеңіл атлет Татьяна Лебедева мен 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында күміс жүлдегер атанған екі бірдей спортшының медальдерін жоққа шығарған. Қайта тексеру барысында спортшыдан туринабол анықталды. Дәл сол күні ұйым ямайкалық спринтер Усейн Болтты Бейжің Олимпиадасында алған алтынынан айырды. Екі күннен кейін Болт медалін ұйымға өткізген.  Ал жүлдесін қайтармағандарды жазалай алмағанымен, ХОК-тың шешімі бойынша, ол спортшылар келесі ойындарға қатысу мүмкіндігінен айырылады.

Өкен жылғы көрсеткіш бойынша, халықаралық WADA кодексін бұзушы, яғни допинг пайдаланушы елдердің көшін Ресей Федерациясы бастап тұр. Одан кейінгі орында – өкінішке орай – Қазақстан. Одан кейінгі тізімде Белоруссия, Украина, т.б. деп кете береді.

Фото: 24kz

Лондондағы 2012 жылғы Олимпиада ойындары жеңімпаздарының допинг-сынамаларының, екінші сараптама нәтижесінде Халықаралық ауыр атлетика федерациясы қазақстандық спортшылардың қанында төмендегі заттар табылғанын хабарлаған: Светлана Подобедова мен Майя Манезада Стеназолл, Илья Ильинде Дегидрохлорметилтестерон мен Стеназолл, Зульфия Чиншанлода Оксандролон мен Станозолл. Ережеге сәйкес допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін портшылар спорттан шеттетіледі.

“The Qazaq Times”