Әлемнің екі ең ірі экономика алыбының ортасында аса қауіпті «сауда соғысы» бұрқ ете түскелі тұрған кезде, Қытай басшысы бір қадам артқа шегініп, Трампқа жол берді. ҚХР төрағасы Ши Жинпиң (Xi Jinping) жақындағы мәлімдемесінде, «қарусыз соғыс» дәуірінде қалыптасқан дағдылы көзқарастан алыстау керектігін алға тартып, ресми Бейжің шетелдермен сауда қарым-қатынасын дамытуға ниетті екенін білдірді. Естеріңізде болса осыған дейін АҚШ пен Қытай арасында сауда саясаты, кеден және салық төлемдері туралы пікір қайшылығы болып, оның соңы көлемді сауда соғысына апарып cоға жаздаған.

Қытай басшысы биыл Қытайға шетелден импорт етілген тауарларға салықтың төмендейтінін мәлімдеді. Оған қоса шетелдік компаниялар Қытайға жеңілдетілген жолменен инвестиция сала алады. Бірақ, Бейжің билігі нақты қандай жеңілдіктер дайындап отырғаны туралы ашып айтпады. Бейжіңнің бұл жаңа саясаты бойынша, Қытайға шетелден кірген өнімдер бұрынғыдан арзандамақ. Ал алдағы уақытта шетелдік компаниялар Қытайда бизнес ашу үшін жергілікті компаниялардан серіктес болуының қажеті жоқ. Бұл екі мәселе АҚШ-тың Қытайға деген наразылығын тудырған басты түйіндер болатын.

Ши Жинпиңнің бұл қадамы АҚШ президенті Дональд Трамптың наразылығына берген жауап деп қаралуда. Қытай төрағасы және өз мәлімдемесінде Уашингтонмен болған теке-тірес жағдайы туралы тоқталмады. Бірақ, Трамптың «Әуелі Америка» ұранына қарсы Ши Жинпиң «Әлем елдері ашық болсын» деген ойын алға тастағандай болды. Қытай басшысы сөзінде: «Соңғы 40 жыл ішінде Қытай халқы әлемге құшағын кең жайды және әлем экономикасына өзіндік үлесін қосты. Реформа және сыртқа ашық қарым-қатынастың негізінде үлкен өзгерістер жасалды. Қытай жаңа ғасырға әлем елдерімен бірге кірді. Қытай халқы ашық болуды ұлттық саясат ретінде қабылдайды», – деді.

Қытай басшысы осыған дейін Жаһандануды қолдап келген лидерлердің бірі. Ол халықаралық жиналыстарда жаһанданудың артықшылықтары туралы айтып өтеді. Шидың кезекті қадамы АҚШ-Қытай арасында ауқымды сауда соғысы алдында жағдайды басқа бағытқа бұрып жібергендей болды. Ол қалыптасқан көзқарастарды тастап, барлық мәселені келіссөз арқылы шешуге болады деген ойын алға тартты. Бұл Бейжіңнің «сауда соғысы» алдында Уашинтонға жол бергенімен бірдей.

Дегенмен, Бейжің билігі шынында өзімшіл сауда саясатынан уаз кеше қоя ма? Кейбір сарапшылар, шетелдік өнімдерге кеден салығын азайтуды, шетелдік компанияларға жеңілдік жасауды және зияткерлік меншік құқығын сақтау мәселелерінде Қытай билігі бұған дейін де талай уәде берген. Бірақ Бейжің билігінің шынайы сауда саясаты жұрт ойлағандай әділ болмай шыққанын алға тартады.

Сонымен әлем көз тіккен, күдік пен үміті аралас назар аударған «Сауда соғысы» бір қадам болса да алыстай түсті деуге болады. Бірақ, Бейжің тарабы өзінің жаңа сауда саясатының қыр-сырын жұртқа толық таныстырған жоқ. Айталық, шетелдік компаниялардың Қытай нарығына кіруіне, бизнес ашуына нақты қандай жеңілдіктер жасалатыны анық емес. Оған қоса, Қытайға кіретін тауарлардың қандай түрі, қанша пайызға арзандайтыны да беймәлім. Алдағы уақытта бұл мәселелер Қытай Сауда министрлігі, Қаржы және Сыртқы істер министрліктерінің арнайы мәлімдемелері арқылы анықталуы мүмкін.

Сонымен Трамп сауда соғысын бастап, Қытай экономикасының жанды жеріне қанжар қадамаса да, Бейжіңді бір иліктіріп, әуелгі қатаң әрі өзімшіл сауда саясатының бетін қайтарғандай болды. Қытай үкіметінің кезекті жауабынан кейін Ақ үй қандай реакция білдіретіні қазірге анық емес.

“The Qazaq Times”