Кеше БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Сүрияның Дума қаласында болған химиялық жарылысқа байланысты Нью-Йоркте бас қосқан еді. Жиналыста АҚШ пен Ресей арасында қатаң айтыс-тартыс орын алып, АҚШ өкілі Галей жиын соңында қандай шешім шығарылса да, өздерінің осындай шабуыл әрекеттеріне қарсы екендіктерін білдірді.

Ресей болса, қандай да бір іске негізсіз араласуға болмайтынын, оның осы тектес халықаралық қақтығыстарды азайту жолында тиімсіз екенін айтты. Ал, Сүрияның арнайы өкілі сыни ескерту жасап, «Шығыс Гутадағы жағдайдан кейін, алғаш рет аймақтық, ұлттық немесе тек қана Сүрияның қауіпсіздігі емес, халықаралық қауіпсіздікке кері әсер ететіндей жағдайға жеттік» , - деді. Неге екені, Сүрия елшісі сөз алған сәтте АҚШ, Ұлыбритания және Франция өкілдері отырыстың бітуін күтпестен, жиналыс залын тастап, шығып кетті. Естеріңізге салсақ, кеше БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Шығыс Гутаның Думадағы химиялық қару шабуылына қатысты Франция, Ұлыбритания, АҚШ және кеңестің уақытша мүшелері Кот-д'Ивуар, Голландия, Перу, Польша, Кувейт және Швецияның талабымен отырыс жасаған болатын.  Алайда, жиын соңы Сүриядағы көптеген бейбіт тұрғындардың өмірін жалмаған қақтығыстарға тоқтам жасайтындай, нақты шешіммен аяқталмады.

“The Qazaq Times”